ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында саяжай аумағында құрғақ шөп пен бұталар өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өрт 9 қыркүйек күні 2 саяжай аумағында тұтанды.
«Сағат 17.03-те «Меховщик» саяжай қоғамдастығында 0,5 гектар аумақта құрғақ шөп пен бұталар отқа оранды. «Тілсіз жау» №1 және №2 өрт сөндіру бөлімшелерінің күшімен (14 адам, 4 техника) сағат 19.24-те ауыздықталды. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр», деп хабарлады ведомстводан.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, иесі тастап кеткен бір учаскеде құрғақ шөп жанғанымен, саяжай үйін жалын шарпыған жоқ. Бірде-бір саяжай үйі отқа кеткен жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы Парк отель кешенінің саунасы отқа оранғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).