БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған жарысқа АҚШ, Армения, Үндістан, Беларусь, Украина, Ресей, Өзбекстан, Швеция, Түркия, Дания, Черногория және Қазақстаннан 180-ге жуық шахматшы қатысуда.
Соның ішінде 17 халықаралық гроссмейстер бар.
Турнирдің ашылу салтанатында БҚО әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев, ҚР шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко мұндай додалардың аталмыш зияткерлік спорт түрін кеңінен дамытуда маңызы зор екендігін атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шарада айтылғанындай, Батыс Қазақстан облысында да өзіндік шахмат мектебі қалыптасқан. Өңірден халықаралық гроссмейстер Мұртас Қажығалиев, сондай-ақ Валерий Мин, Әлібек Игамбергенов, Роман Козлов, Жанат Сайын, Азамат Өтеғалиев, Айсезім Мұхит, Әлихан Ерғалиев, Лаура Әбділдаева секілді елге танылған шахмат шеберлері шықты.
Халықаралық жарыс 28 шілдеде мәресіне жетіп, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалінің жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.