Астана жұлдыздары: халықаралық шахмат фестивалінің жеңімпаздары анықталды

None
Фото: Динара Садуакасова шахмат академияси
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада белгілі қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова ұйымдастырған «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ең мықты шахматшылар марапаттарға ие болып, рекордтық 40 миллион теңге жүлде қорын өзара бөлісті. Айта кетерлігі, бұл сома аясында балаларға да, әйелдер мен шахмат ардагерлеріне де арнайы жүлделер қарастырылған.

Турнирдің А категориясы бойынша жеңімпазы – Үндістанның дарынды шахматшысы Адитья Миттал, ол 4 млн теңгенің сертификатымен марапатталды.

Турнирдің «күмісін» украиналық гроссмейстер Александр Моисеенко (3,5 млн), ал Израиль спортшысы Евгений Алексеев (3 млн) «қоланы» қанжығасына байлады.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, 11-19 шілдеде өткен «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Фестиваль әлемнің 16 елінен 800-ден астам шахматшының басын қосты.

«Астана жұлдыздарының» ерекшелігі мен маңызы – «FIDE ұйымдастырушысы» атағына арналған семинар. Мұндай іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Айта кетсек, Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қазақстанда шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысына қол қойды.


Соңғы жаңалықтар