БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кезінде Орал қаласы әкімдігінің қаулысымен соғысқа қатысушының жесірі, талапкерлердің әжесі болған азаматша К-ға жалға берілетін тұрғын үй берілген.
Жалға алушының кәмелетке толмаған немерелері отбасы мүшелері болып есептеледі.
«Азаматша К. қайтыс болғаннан кейін мұрагерлік құқығы туралы куәлік негізінде талапкерлердің бірі (қызы) әкімдікке аталған тұрғын үйді жалға беруді ұзарту туралы бірнеше рет жүгінген. Алайда тұрғын үй комиссиясының шешімімен тұрғын үйді жалдау шартын қайта ресімдеуден бас тартылған. Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес есепте тұрған азамат қайтыс болған жағдайда, оның кезектілігі, егер бұл ретте оларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшін негіздер жойылмаса, онымен бірге есепте тұрған қалған отбасы мүшелеріне сақталады. Осыған байланысты талапкерлердің кезегі сақталуы керек, өйткені олар тұрғын үйге мұқтаж болып қала береді және бұл үшін негіздер жойылған жоқ. Сот шешімімен тұрғын үй комиссиясының шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Орал қаласының әкіміне мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар тізімін қалпына келтіру туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеті жүктелді», деп хабарлады ведомстводан.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда комиссияның әкімдіктің аппарат басшысына заңсыз пәтер бергенін жазған болатынбыз.