Оралда тәртіп сақшылары Наурыз мейрамын тойлады (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күніне орай Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінде «Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік шара өткізілді.

Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, дәстүрлі шараға барлық полицейлер атсалысып, топ-топқа бөлініп, өз өнерлерін ортаға салды. Наурыз мейрамына орай арнайы дастархан әзірленіп, ұлттық киім киген департамент қызметкерлері мерекелік бағдарлама қойды. Концерт барысында өнерпаздар қазақ әндерін домбыраның сүйемелдеуімен шырқаса, арқан тарту, сақина салу секілді ұлттық ойындар кеш ажарын аша түсті. Мерекелік дастарханнан наурыз көже, ас, қымыз, құрт, қаймақ, қазы-қарта, жал-жая секілді дәмді тағамдар орын алып, ұлттық оюлармен өрнектелді.

Департамент басшылығынан құралған қазылар алқасы әр топқа бағасын беріп отырды.

Департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Өтеулин мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Сайыс соңында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға қосқан үлестері үшін әр топ «Үздік дастархан мәзірі, «Үздік наурыз көже», «Үздік ұлттық тағам» сынды аталымдармен марапатталып, шараға белсене қатысып, өнерлерін көрсеткен бірқатар қызметкерге алғысхаттар табыс етілді.