ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тоқ соққан электрик қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, 24 желтоқсан күні Зачаган кентіндегі «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ға қарасты қосалқы стансада 49 жастағы электрикті ток соғып, денесін 80 пайыз күйік шалған еді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлім еткеніндей, ер адам сенбі күні көз жұмды.
Жақындарының сөзіне қарағанда, марқұмның соңында әйелі, үш баласы қалды. Сол балаларын жетілдіремін деп, қалаға көшіп келіп, жұмысқа тұрған екен.
БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Асылұлан Досжанов осы оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын, соның қорытындысына сәйкес тараптардың жауапкершілігі анықталатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласының бірқатар бөлігі жарықсыз қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).