Оралда тойдағы жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында тойдағы жанжалға байланысты әлеуметтік желіде бейнежазба тарады. Бейнежазбада «тентек кәде» сұраған ер адамды жаңа құдалардың бірі ұрып құлатқаны анық көрінеді. Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО полиция департаментіне арнайы сауал жолдаған еді.

Видеодан алынған скрин

Департамент мәліметіне қарағанда, той 22 тамыз күні Орал қаласында болған. 

— Бейнежазбадағы азаматтардың жеке басы анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы бақылауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген ресми жауапта.

Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі автокөлік соқтығысып, әйел адам көз жұмғанын жазған едік.