Оралда тұрғындар ағаштардың кесіліп жатқанын айтып шағымданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Н.Назарбаев атындағы даңғыл бойында ағаштардың кесіліп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қала тұрғынының Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, «Баспахана» аялдамасы тұсында бұрын бірнеше ағаш болған.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Міне, қараңыз, қандай теректер кесілген. Бұған кім рұқсат берді? Осы аялдама маңында әйтеуір бір нәрсе жасалады да жатады. Енді тендерді жеңіп алған біреу өз плитасын төсейтін болар. Даңғылдың қарсы бетінде тым-тәуір асфальт болған, оны да алып тастаған. Жыл сайын тек бір жерде тақтатас пен асфальт төсейді. Әсіресе, әкімдіктер алдында. Қаланың шеткері аймақтарында өткен ғасырдан бері ештеңе істелмейді, — дейді әйел.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында ағаштың неліктен кесіліп жатқанын жазған едік.