Оралда тұрғындар дабыл қақты: Қар су қорғау аумағына төгіліп жатыр

Фото: Видеодан скрин

ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда көшелерден шығарылған қардың Телеорталық маңындағы су қорғау аумағына төгіліп жатқаны жөнінде бейнежазба таралды. 

Бейнежазбада қала тұрғыны қардың тағы да Телеорталық пен қалалық мәдениет және демалыс саябағы ауданындағы рұқсат етілмеген полигонға шығарылып жатқанын айтады.

— Бұл жерге Шаған өзені де тиіп тұр. Жайық-Каспий бассейнаралық инспекциясы қарды осы полигонға шығаруға тыйым салғанына қарамастан, мұндай жағдай жалғасып келеді. Бұл полиция қызметкерлерінің көз алдында жүріп жатыр. Міне, қарды қараңыз, лас. Осы сәттің өзінде алты машина кірді, — дейді тұрғын.

Аталған мәселеге орай, Орал қаласы әкімдігі арнайы жолданған сауалға жауап қатты.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, абаттандыру қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдар қар шығару орындарын айқындайды. Ал қарды шығаратын кәсіпорын қысқы кезең аяқталғаннан кейін аумақты тазалап, абаттандыруды өз міндетіне алады. Орал қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің талаптарын бұзған жоқ.

Әкімдікте 2025 жылғы 17 желтоқсанда төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өткізілген. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен мердігер ұйымға Телеорталық ауданындағы полигонға тек жаңадан жауған таза қарды ғана шығаруды ұйымдастыру және оның көлемін күн сайын есепке алу тапсырылған.

— Жаңадан жауған таза қарды шығару туралы қабылданған шешім экономикалық көрсеткіштерге оң әсер етеді. Яғни бюджет қаражаты мен қар шығару кезінде уақыт үнемделіп, бұл көшелерді тазалауды жеделдетеді. Соның нәтижесінде қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің төмендеуіне ықпал етеді. Себебі қазіргі уақытта қар шығару үшін қолданылып жүрген Асан полигоны және Зачаган кенті «Балауса» шағынауданындағы полигон қаланың орталық бөлігінен алыс орналасқан. Өткен жылы Телеорталық полигоны жабылғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде шығарылатын қар көлемі азайып, қосымша шығындар артты. Абаттандыру қағидаларына сәйкес мердігер ұйым «Жайық таза қала» ЖШС қар ерігеннен кейін қарды уақытша жинақтау орындарын қоқыстан тазартады, — делінген ресми жауапта.

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлім басшысы Қанат Өтеғалиев бұл жағдайдың жыл сайын қайталанатынын жеткізді.

— Өткен жылы да ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 358-бабының талаптарын бұзу бойынша айыппұл салынып, полигонға қар шығару жұмысы тоқтатылды. Жылда болатын айқай. Биыл да нақтылаймыз. Заң бойынша су қорғау аумағын ластауға жол берілмейді. Экология департаментімен бірлесіп, қардың құрамын зерттейміз. Егер заң бұзылса, қар тасыған кәсіпорын мен лауазымды тұлғалар жауапқа тартылады. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жүрді. Олардың да материалы түскеннен кейін инспекциялық іс-шараларды атқарамыз, — деді Қ.Өтеғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көшеден күрелген қарды неге қала ішіне төгіп жүргенін жазған едік.