БҚО Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Сағдат Әнестің мәлім еткеніндей, оқиға 20 желтоқсан күні сағат 01.29-да «Парус» саяжай қоғамы Красивая көшесі, 34 мекенжайында болды.
Аумағы 20 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйдің төбесі мен қабырғалары құлап, түгел өртеніп кеткен.
Сағат 02.48-де өрт толықтай сөндірілді. Оқиға орнынан ер адамның мүрдесі табылды.
Құтқарушылар үйден 27 литрлік газ баллонын алып шықты.
Өрттің себебі анықталу үстінде.
Оқиға орнына ТЖ департаментінің қызметкерлері (8 адам, 3 техника) және жедел тергеу тобы (5 адам, 2 техника) барды.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен нақтылағандай, жедел жәрдем сағат 01.33-те шақыртылған. 40 жастағы ер адам медицина мамандары келгенге дейін мерт болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік өртеніп, күйік шалған ер адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.