Оралда түрме ауласына тыйым салынған заттар лақтырған екі тұрғын ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда түрме ауласына тыйым салынған заттар лақтырған екі тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға инспекторы Дастан Ақшолақовтың айтуынша, олар осылайша заттарды түрмедегі танысына жеткізбек болған.

Қолға түскен екі ер адамнан ұялы телефон, таблеткалар мен белгісіз сұйықтық құйылған құты табылды. Олардың сөзіне қарағанда, тыйым салынған заттарды жазасын өтеп жатқан досына бермек болған.

Қазіргі таңда аталған екі тұрғынға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 481-бабына (қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) сәйкес іс қозғау мәселесі шешілуде.

Сонымен қатар бұл екеуі төтенше жағдай талабын бұзғаны үшін 476-бапқа сәйкес Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған төрт науқастың Ресейден келгенін жазған болатынбыз.