Оралда түрмеге темекі тасыған колония қызметкері сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық сотында БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемесінің қызметкеріне қатысты үкім шықты.

Фото: Polisia.kz

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оған ҚР ҚК 361-бабы 2-1-бөлігіне сәйкес лауазымдылық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген айып тағылды.

Сотталушы мекемеде жазасын өтеушілер арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінде қызмет атқарған.

Ол биылғы 9 ақпан мен 3 наурыз аралығында жазасын өтеушімен қарым-қатынаста болып, 10 блок (100 қорап) темекіні колония аумағына заңсыз кіргізген. Сол үшін сыйақы ретінде 60 мың теңге алған.

Бұдан бөлек, құқық қорғау органының қызметкері аталған жазасын өтеушінің ұялы телефонды заңсыз пайдаланып жүргенін білген. Алайда тыйым салынған байланыс құралын алып, басшылыққа хабарлаудың орнына WhatsApp қосымшасы арқылы жазасын өтеушімен байланыста болған. Сөйтіп оның тыйым салынған байланыс құралын заңсыз пайдалануына жағдай жасаған.

- Сотталушы сот отырысында өз кінәсін толық мойындады. Сот оның кәмелетке толмаған балалары бар екендігін және кінәсін мойындау арқылы шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Сот үкімімен оған ҚР ҚК 361-бабы 2-1-бөлігіне сәйкес 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Сонымен қатар ҚР ҚК 49-бабы негізінде әділет аға лейтенанты арнайы атағынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өзінің туысын өлтірген тұрғынның 12 жылға сотталғанын жазған едік.