ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында үш автокөлік түйісіп, екі адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға бүгін шамамен сағат 07.40-та Деркөл мен Зачаган кенттерінің арасындағы жол бойында болды.
Асфальт зауыты тұсында «Фольксваген Голф» автокөлігінің жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, «Фольксваген Джетта» және «ВАЗ-2110» автокөліктерімен соқтығысуға жол берген.
Соның салдарынан түрлі жарақат алған екі адам жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, алдын ала мәлімет бойынша 44 және 50 жастағы ер адам жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Іштерінен жабық жарақат алған. Оған қоса 44 жастағы ер адамның оң жақ жіліншігі сынған.
Еске сала кетейік , бұдан бұрын Оралда үш автокөлік соқтығысып, үш адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).