ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында республикалық «Допинг» жедел алдын алу шарасы барысында заңсыз психотроптық дәрі-дәрмек сатқан әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 11 наурыздан бергі үш күн ішінде ҚР ҚК 296-бабы 2-3-бөлімдеріне сәйкес (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) 9 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді.
Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодкесі 424-бабы 1-бөлігіне сәйкес (заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызмет) 1 дерек анықталды.
Атап айтқанда, 12 наурыз күні психотроптық дәрі-дәрмекті заңсыз таратумен айналысқан 1981 жылғы Д. деген азаматша қолға түсті. Оның сөмкесін қараған кезде 31 құты және 11 қорапқа салынған психотроптық дәрі-дәрмек табылды.
Қазіргі кезде аталған әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).