ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жасөспірімдер топ болып төбелесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 8 ақпан күні әлеуметтік желілерде белгісіз біреулердің топ болып төбелескені кеңінен таралды.
Бейнероликті қарау барысында анықталғанындай, төбелес алты жасөспірімнің арасында Әбілқайыр хан даңғылы 179-үй маңында орын алды.
Кешқұрым әр тараптан үш жасөспірімнен шығып, өзара төбелескен. Оларды 15-тей жасөспірім қоршап тұрған.
Алынған шаралар нәтижесінде төбелеске қатысқандар қаладағы мектептердің бірінде оқитын 2003-2004 жылғы жасөспірімдер болып шықты. Куәлер де анықталды.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігіне (бұзақылық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда сыныптастарынан әлімжеттік көрген оқушы мәселесінің қаралып жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).