Тұрғындар осыған байланысты түрлі пікірлерін білдіріп жатыр. Біреулер соңғы кезде қалада теректердің көп кесіліп жатқанын айтса, енді бірқатары жасыл желектің орнын толтыру, сонымен қатар Жайық жағалауын қоқыстан түгел тазарту керектігін жеткізді.
Kazinform тілшісі осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп көрген еді.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, аталған аумақта «Жайық өзені жағалауындағы экопарк аумағын абаттандыру және жағалауды бекіту» жобасын іске асыру аясында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта аумақты тазарту, топырақты дайындау және тегістеу, сондай-ақ құрылыс жұмыстары жүргізілетін аймаққа түсетін жасыл желекті алып тастау жұмыстары атқарылып келеді.
Жоба аясында жағалауды бекіту, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, сыртқы жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерін орнату, шағын сәулет нысандарын орналастыру, сондай-ақ аумақты көгалдандыру және абаттандыру көзделген.
— Дайындық жұмыстарының жүргізілуі жағалау сызығын нығайту, аумақтың деңгейін жобада белгіленген межеге дейін көтеру, сондай-ақ су тасқыны кезеңінде жердің шайылуы мен су басуының алдын алуға бағытталған жобалық шешімдерге байланысты. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақты көгалдандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізу жоспарланған, — делінген ресми жауапта.
«Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариев қала әкімдігінің бастамасын қолдайтынын білдірді. Дегенмен, аталған жер рекреациялық аумаққа жатады. Заңнамаға сәйкес әкімдік іске кіріспес бұрын әуелі қоғамдық тыңдау өткізіп, тұрғындарға түсіндіру керек еді. Алайда бұл жасалмаған.
Экологтің пікірінше, Жайық жағалауын абаттандырып, Стелладан бастап, оны Хан тоғайына дейін қосып, адамдар серуендейтін орынға айналдыру қажет. Кеңес дәуірінде ескі соборға дейін бөгет болды. Оның жоғарғы және төменгі бөлігінде теректер өздігінен өсіп кеткен. Міне, содан тазартқан дұрыс.
— Тағы бір мәселе, Стелла маңында Жайықтың бұрынғы арнасында шағын тоғай бар. Менің ойымша, осы жерде толық тазарту жұмыстарын жүргізіп, экологиялық парк жасауға болады. Әрине, бұл ретте экологтер мен мамандардың пікірін ескерсе, артықтық етпейді, — деді Д. Сариев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда емхана алдындағы сквер сақтала ма, осыған орай БҚО денсаулық сақтау басқармасы жауап бергенін жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда орман ағаштарының оталып жатқаны рас па, бұл жөнінде де хабарланды.