Емхана алдындағы сквер сақтала ма – БҚО денсаулық сақтау басқармасы жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында №1 емхана алдындағы сквер мәселесі пікірталас өзегіне айналып отыр.

в
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Kazinform бұдан бұрын хабарлағанындай, экологтер саябақты сақтап қалу керектігін көтерген болатын. Бұл ретте олар емханаға қосымша ғимарат салынуына байланысты қоғамдық тыңдау өткізу қажеттігін айтып отыр.

Осы мәселеге орай агенттік тілшісі БҚО Денсаулық сақтау басқармасына арнайы сауал жолдаған еді.

Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, емхана ғимаратын кеңейту қажеттілігі пациенттерді қабылдауға арналған қосымша кабинеттерге деген сұранысқа, медициналық көмек көрсету жағдайларын жақсартуға және оның халық үшін қолжетімділігін арттыруға байланысты.

Қазіргі уақытта емханада пациенттерді қабылдауға арналған кабинеттер жеткіліксіз. Сонымен қатар күндізгі стационар мен зертхана әр түрлі мекенжайларда орналасқан, бұл пациенттерге қолайсыздықтар туғызады. Бұдан бөлек, ғимаратта лифтінің болмауы егде жастағы адамдардың, мүгедектігі бар адамдардың және жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың қозғалысын қиындатады. Осыған байланысты емхананың алаңын ұлғайту, қосымша кабинеттер ашу және медициналық қызметтерді алу үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында жапсарлас құрылыс салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Жобаны әзірлеу барысында аумақты көгалдандыру және абаттандыру мәселелері ескерілген. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, құрылыс аумағында әр түрлі ағаш түрлері мен бұталарды отырғызу, гүлзарлар жасау және көгал төсеу көзделген. Жобалық шешімдер аумақтың сәулеттік келбетін жақсартуға және жасыл желектерді қалыптастыруға бағытталмақ.

Басқарма берген мәлімет бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, оның ішінде Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды тіркеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарға тіркеу тәртібі айқындалған. Оған қоса азаматтардың медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қамтамасыз етіледі.

- Құрылыс жұмыстарын сквер аумағының жапсарлас ғимаратты орналастыру үшін қажетті бөлігіне ғана жүргізу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру барысында қолданыстағы жасыл желектерді барынша сақтау көзделеді. Сондай-ақ жоба аясында сквер аумағын абаттандыруды жаңарту, оның ішінде аумақты көгалдандыру, ағаштар мен бұталар отырғызу, гүлзарлар жасау және көгал төсеу жұмыстары қарастырылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде қолданыстағы құрылыс нормалары мен абаттандыру қағидаларының талаптары ескеріледі, - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда емхана алдындағы ескі сквер жойылып кете ме, осыған байланысты әкімдік жауабын жазған едік.

Оралда емхана алдындағы сквер мәселесі қайта көтерілді.