ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Жайық өзені жағасынан ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол бұдан екі күн бұрын жоғалып кеткен Алмаз Атиханов болып шықты.
Жедел іздестіру шаралары барысында марқұмның мүрдесі 21 қаңтар күні Жайық өзені жағасында «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ маңынан табылды. Оның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған.
Қазіргі кезде өлімнің себебін анықтау үшін мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Марқұмның туыстарының сөзіне қарағанда, 30 жастағы А.Атиханов 19 қаңтар күні кешкісін достарымен ойыққа суға түсемін деп кеткен. Марқұмның соңында әйелі, үш баласы қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда базар маңынан ер адамның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.
Иллюстрациялық фото: s1.1zoom.ru
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).