ОРАЛ. ҚазАқпарат -Оралда «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ-ның үш қабатты әкімшілік ғимараты өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, Орал-Желаев жолы бойында орналасқан комбинатта сағат 21.04-те екінші қабаттағы асүй (аумағы 50 шаршы метр) отқа оранды.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін нысандағы мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет күшімен 15 адам эвакуацияланды.
Өрт 22.02-де оқшауланып, 22.21-де сөндірілді. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 55 адам, 15 техника жұмылдырылды.
Алдын ала мәлімет бойынша от электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамаудан шыққан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем сағат 21.10-да шақырылды.
Төрт бригада жұмыс жасады. Қалалық көпбейінді ауруханаға үш адам жеткізілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлік жуатын орын отқа оранған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).