Оралда жөндеуге жабылған көпірдің қашан ашылатыны белгілі болды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Деркөл кенті бағытындағы шойын көпірде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Абай облысы әкімдігінен

Аталмыш көпір 14 маусымда жабылған болатын. Осыған байланысты облыс орталығында тұрғындардың қатынауы қиындап, кейбір жерлерде кептелістер пайда болды. 

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта мердігер ұйым – «Запад партнерс» ЖШС көпірдің тозған асфальт жабынын фрезерлеу, деформациялық жіктерді ауыстыру және жол төсемін жаңарту жұмыстарын жүзеге асыруда. 

Сонымен қатар деформациялық жіктер орнатылатын учаскелер дайындалып, бетон құю және кейіннен жол таңбаларын салу қарастырылған.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, асфальт төсеуден бөлек, ұзындығы 72 метр алты деформациялық жік бар. 

- Деформациялық жіктерді швейцариялық компания жасаған, яғни өте сапалы. Көпірді жөндеу жұмыстары алдағы жұма күні, 19 маусымда толық аяқталып, нысан көлік қозғалысы үшін қайта ашылады, - деді Ж.Дүйсенғалиев.

Аталған жұмыстар көпірдің техникалық жағдайын жақсартып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындар тұрмыстық қалдықтардың шығарылмай жатқанын айтып шағымданғанын жазған едік.