БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарушы Амангелді Ашықовтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, орталықтың 5 өндірістік ғимаратын (газ-турбиналық қондырғы, негізгі корпус, жылу желілерін толықтыру, механикалық жөндеу шеберханалары, қызметтік-тұрмыстық корпус) қайта құру және күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Оның сөзіне қарағанда, жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін бюджеттік өтінім республикалық қазынадан қаражат бөлу мақсатында салалық министрлікке жолданатын болады.
Қалған 6 ғимарат бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу 2024 жылы басталмақ.
«Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу желілері 50,4 пайызға тозған. Күні бүгін Орал қаласында жалпы ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын №2 және №5 жылу магистральдарын қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында сондай-ақ электр желілері 82 пайызға, су құбыры 60,5, кәріз желілері 61,3 пайызға тозған. 2023-2028 жылдар аралығында 4 мыңнан астам шақырым инженерлік желілерді қайта құру, күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда. Биыл инвестициялар 11,7 млрд теңге көлемінде бекітіліп, 2 мыңнан астам инженерлік желілерді жөндеу көзделуде», деді А.Ашықов.