Оралдық сарбаз Ақтауда ант қабылдау кезінде сүйіктісіне ұсыныс жасады
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласында өткен Ұлттық ұлан сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі ерекше оқиғамен есте қалды.
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 200-ден астам жас жауынгер ант берсе, солардың ішінде Орал қаласының тумасы Артур Сәрсенғалиев үшін бұл күн аса маңызды болды.
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Ол салтанатты рәсім барысында сүйіктісі, оралдық Гүлназға көпшілік алдында тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады.
Гүлназ еш ойланбастан:
— Иә, — деп жауап берді.
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Бұл айрықша оқиға жиналғандардың жүрегіне жылылық ұялатты.
— Мен үшін бұл күннің мәні ерекше. Әскери ант қабылдау — әр сарбаздың өміріндегі жауапты сәт. Ал осы күні сүйіктіме ұсыныс жасап, оның келісімін алу — мен үшін үлкен бақыт. Гүлназ менің өмірімдегі ең қымбат адам, енді мен тек Отанға ғана емес, оған да адал болуға уәде беремін, — деді Артур толқып тұрып.
Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Осылайша, қатардағы жауынгер Артур Сәрсенғалиев маңызды шешім қабылдап, сүйіктісімен бірге жаңа өмірге қадам басты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұлан жауынгері мемлекеттік марапат жауапкершілікті еселей түсетіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).