ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында 2 млн теңге бопсалағандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Орал қаласының 41 және 35 жастағы тұрғындары 40 жастағы ер адамға күш көрсетіп, 2 млн теңге көлемінде қаржы бопсалаған.
Бұл жөнінде криминалдық полиция басқармасына жедел хабар түскен.
«Арнайы мақсаттағы бөлініс жасағы мен ҚР ҰҚК БҚО департаменті қызметкерлерінің қатысуымен 22 қазан күні күдіктілер жәбірленушіден ақша алу үстінде қолға түсті. Тінту барысында заттай айғақтар алынды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Толық ақпарат тергеу аяқталғаннан кейін берілетін болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда із-түзсіз кеткен әйелдің денесі орманнан табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).