«Оқулық сапасы үнемі біздің назарымызда тұратын мәселе. 3 сыныптың оқулықтарымен қатар 2 сыныптың ағылшын тілі, 6 сыныптың информатика оқулықтары жаңартылды. Ал 5 сыныптың жалпы тарих оқулықтарына байланысты бүкіл ақпарат құралдарындағы сын-ескертпелер жинақталып, арнайы жұмыс тобы құрылды. Өткен жылы осы жұмыс тобы сәуір-мамыр айларында жұмыс жүргізді. Осыдан кейін Тарих институтына тапсырма берілді. Бұл институт қазіргі таңда Қазақстан тарихынан оқулық жасады. Ол қазір сараптамадан өтті», - деді брифинг барысында ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбітгүл Кәрімова.
Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі, орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева аталған оқулықтың келесі жылдан бастап 5 сынып бағдарламасына енгізілетіндігін атап өтті.
Айта кетейік, 2010 жылы жарық көрген 5 сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығында бірқатар өрескел қателіктер жіберілген еді. Бұл мәселе БАҚ-тарда кеңінен талқыға түскен болатын.