Органикалық өнімдерді экспорттау нарықтары кеңейтілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заң жобасы мен іліспе екі құжат бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасын Парламентінің депутаттары органикалық өнім өндіру және оның айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін әзірледі. Құжат табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастыруға және дамытуға жәрдемдесуге, сыртқы нарықтарда отандық өндірушілердің органикалық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Заң жобасында органикалық өнім өндірісіне көшу шарттары, оны өндіруге және таңбалауға, импорттық органикалық өнім айналымына қойылатын тікелей талаптар ескеріледі, органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі енгізіледі.

«Өздеріңіз байқап отырғандай, заң жобасы органикалық өнім өндіру мәселелерін ғана емес, олардың өнім айналымы мәселелерін де реттейді. Екіншіден, «органикалық» өнімнің табиғаты мен қасиеттеріне қатысты тұжырымдамалық ұғымдар жетілдірілді, яғни «органикалық өнім», «органикалық өнім айналымы», «органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі», органикалық өнімді таңбалау» және басқа да жаңа ұғымдар енгізілді», - деді Сенат депутаты Әли Бектаев.

Сонымен қатар ол өнімді емес, органикалық өнімді өндіру процесін сертификаттау ұсынылғанын айтты. Бұл тәсіл өндіріс процестерін нақтылайды және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.

«Органикалық өнім өндірушілердің топтық сертификаттаудан өту мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл органикалық өндірушілерді кооперациялау мен біріктіруге және нақты өндіруші үшін сертификаттау шығындарын төмендетуге ықпал етеді. Бұдан бөлек, тың және тыңайған жерлер өтпелі кезеңсіз органикалық өсімдік шаруашылығы айналымына енгізілетін болады. Қолданыстағы заңнама бойынша конверсиялық кезең кем дегенде бір жылды құрайды және ол барлық жерлерге таралады», - деді сенатор.

Оның сөзіне қарағанда, органикалық егіншілікте пайдалануға жарамды тұқымдар, балық, мал басы және органикалық өндіріске рұқсат етілген, оның ішінде Еуропалық комиссиямен келісілген тыңайтқыштар тізімдері бекітіледі. Бұл норма органикалық тұқымдарды, технологияларды, әдістерді, органикалық өндіріс құралдары мен тәжірибелерін іздеуге байланысты көптеген өндірістік мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Сонымен қатар, заң жобасымен органикалық өнімдердің сапасын бағалауға, Қазақстанға импортталатын органикалық өнімді жеткізуге, таңбалауға және өткізуге, сала бойынша мемлекеттік органдардың құзыреттеріне қатысты біршама өзгеріс енгізілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, органикалық өнім экспорты бойынша Қазақстан 123 елдің ішінде 9-орында тұр.