Орындар ауысты: Қытайда көмірқышқыл газының шығарындылары азайды, ал Америкада өсті

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Қытай энергетика саласындағы климатты ластауды азайту мәселесінде орындарымен ауысты. Carbon Monitor мәліметтері бойынша, 2025 жылдың бірінші жартысында Қытайда көмірқышқыл газының шығарындылары 2,7%-ға азайған, ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 4,2%-ға артқан, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ E&E News-ке сілтеме жасап.

Сарапшылар бұл әлі тұрақты үрдіс деп айтуға ерте екенін айтады, себебі биылғы көрсеткіштерге ауа райы мен сауда соғыстары секілді қысқа мерзімді факторлар әсер еткен. Дегенмен, жарияланған деректер әлемдегі ең ірі екі ластаушы елдің климатқа әсер ету траекториясын айқын көрсетеді.

Қытайда экономиканы экологиялық тұрғыдан таза етуге бағытталған әрекеттер қарқын алып келеді. Бұл мақсатта күн электр станцияларының саны артып, электромобильдердің сатылымы өсуде. Осы уақытта АҚШ-та электр энергиясына сұраныстың күрт артуы мен табиғи газ бағасының жоғары болуы әлсіреген көмір секторын қайта жандандырды — бұл АҚШ президенті Дональд Трамп климаттық реттеулер мен таза энергияны субсидиялау жүйесін күрт өзгерткен сәтпен тұспа-тұс келді.

Стэнфорд университетінің жаһандық шығарындылар мониторингімен айналысатын маманы Роб Джексон:

— Қытай мен АҚШ бүгінде әртүрлі бағытта қозғалып жатыр деуге толық негіз бар, — деп атап өтті.

Ол алдағы бірнеше жылда Қытайдағы шығарындылар азаятынын, ал АҚШ-та олардың төмендеу қарқыны бәсеңдейтінін болжады.

Соңғы онжылдықта жаһандық шығарындылар біртіндеп өсіп келді, өйткені АҚШ пен Еуропадағы азаю Қытай мен Үндістандағы өсіммен теңестірілді. 2025 жылдың алғашқы жартысында әлем бойынша шығарындылар көлемі 0,7%-ға артты. Сонымен қатар, Еуропа мен Үндістан да өзара рөлдермен ауысты. Үндістанда алғашқы алты айда шығарындылар көлемі 2,2%-ға азайған, оған елдегі күн электр станцияларының белсенді пайдаланылуы ықпал еткен. Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартысында елде өндірілген энергияның 14%-ы жел және күн энергиясының үлесіне тиді, бұл былтырғы 11%-бен салыстырғанда айтарлықтай өсім.

Үндістанда ауа райы шығарындылардың азаюына Қытайға қарағанда көбірек әсер етті. Мамыр мен маусым айларында муссон маусымының ерте келуі температураның қалыпты деңгейден төмен болуына әкеліп, көмір тұтыну көлемі азайды. Сарапшылар биылғы жылдың екінші жартысында Үндістанда көмір тұтыну қайта өседі деп болжайды.

Ал Еуропада сол кезеңде шығарындылар 4,6%-ға артты. Алайда ең ірі өзгерістер Қытайда болып жатыр. Соңғы он жыл ішінде ел әлемдік шығарындылардың өсуіндегі басты фактор болды, себебі көмір энергетикасы жақсы дамыған. Мәліметтерге сүйенсек, әлемде тұтынылатын көмірдің жартысынан көбі Қытайдың үлесіне тиеді. Соған қарамастан, ХЭА Қытайда 2025 жылдың алғашқы жартысында көмір тұтыну 2,6%-ға азайғанын хабарлады, бұл электр энергиясына деген сұраныстың 5%-ға өскеніне қарамастан.

ҚХР-дағы көмір тұтынудың төмендеуі ерекше назар аударарлық, өйткені ол елдегі негізгі су электр станциялары орналасқан екі провинциядағы құрғақшылықпен тұспа-тұс келді. Бұл, әдетте, гидроэнергия өндірісінің төмендеуіне және көмірге деген сұраныстың артуына алып келер еді, бірақ бұл жолы олай болмады. Оның орнына, гидроэнергетика мен көмір генерациясы қатар қысқарды, ал жаңартылатын энергия көздері белсенді дами бастады.

2024 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда күн энергиясы өндірісі 45%-ға артты. Мұндай секіріс мамыр айында Қытай 92 гигаватт қуат өндіретін күн станцияларын іске қосқаннан кейін болды. Соның нәтижесінде елдегі күн электр станцияларының жалпы қуаты 1 тераватттан асты. Салыстырмалы түрде, сол кезеңде АҚШ-та бұл көрсеткіш шамамен 134 гигаватты құрады. Осыған байланысты кейбір сарапшылар Қытай көмірқышқыл газы шығарындыларының шарықтау шегіне жеткен болуы мүмкін деген пікір айтты.

Халықаралық климаттық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Глен Питерс Қытайдағы шығарындылардың азаюына қазірше аса мән бермеуге кеңес береді. Ол бұл үрдістің негізінде құрылымдық өзгерістер жатқанымен келіседі:

— Қытайда шығарындылар биыл азайса да, мен олар шарықтау шегіне жетті деп айта алмаймын. Мұндай азаюдың бірнеше жыл қатарынан байқалғанын қалар едім, — деп қосты ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Данияда көмірқышқыл газын сақтайтын қойма ашылғанын жазған едік.