Threads желісіндегі жарияланымға сенсек, балабақша қызметкері бүлдіршіндерді орындыққа байлап, басынан тәпішкемен ұрған.
— Мына жағдайдан кейін балаларымызды қалай сеніп тапсырамыз. Шыдамы жетпесе, істемесін. Басқа жұмыс қарастырсын. Ата-аналар сеніп, перзентін дамыту үшін ақша төлеп, беріп отыр ғой, — деп шамданды жарияланым авторы.
Ал Полиция департаменті кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Бейнежазбаның 2025 жылғы қазан айында түсірілгені анықталды. Полиция қызметкерлері түзету бағытындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген әйелдің жеке басын анықтады. Ол полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта зардап шеккен балалардың ата-аналары анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін депутат баланы балабақшаға тіркеудегі кемшілікті атағанын жазғанбыз.