Өркендеуге бағытталған стратегиялық серіктестік: «Шеврон» инвестициялары экономикаға не береді

АСТАНА. KAZINFORM — Ірі индустриялық жобалардың тиімділігі тек қаржылық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен адам капиталын дамытумен өлшенеді. Осы орайда 30 жылдан астам уақыт ішінде «Теңізшевройл» арқылы мұнай-газ секторын дамытып, отандық мамандардың жаңа буынын қалыптастырған «Шеврон» инвестицияларының ел экономикасына қосқан үлесін Kazinform тілшісі шолу материалында ұсынады.

Фото: chevron.com

Экономикалық мультипликатор мен инвестиция

Кез келген халықаралық капиталдың ел экономикасына тигізер ықпалын бағалауда оның мультипликативтік әсеріне мән беріледі. «Шеврон» корпорациясының Еуразия бөлімшесінің президенті Дерек Магнесс бұл жүйенің экономикалық қайтарымын сандармен сипаттайды.

Фото: Видеодан скрин

— Соңғы 33 жыл ішінде «Шеврон» инвестор ретінде «Теңізшевройлға» шамамен 60 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. ТШО компаниясынан тікелей қаржылық төлемдер нәтижесінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне шамамен 217 миллиард АҚШ доллары түсті. Алайда бұл тікелей төлемдерден бөлек, бұның мультипликативтік әсері де бар. ТШО-да құрылған әрбір жұмыс орны басқа да қатысты салаларда тағы шамамен 26 қосымша жұмыс орнының пайда болуына әкеледі, — деді Дерек Магнесс.

Мұндай ауқымды экономикалық эколокация отандық өнеркәсіптің әлеуетін сапалық тұрғыдан өзгертті. Тек «Келешек кеңею» жобасы аясында 45 мыңнан астам оқыту бағдарламасы өткізіліп, жергілікті жұмыс күші халықаралық стандарттарға сай мамандандырылды. 

Жаңа буын таңдауы қандай?

Қазақстанның мұнай-газ саласының қалыптасу тарихына үңілсек, тоқсаныншы жылдардағы алғашқы жобалардың орны айрықша. Ел тәуелсіздігінің таңында өндіріске қадам басқан аға буын өкілдері мен заманауи жас мамандардың арасында сабақтастық бар. ТШО-ның бұрынғы ірі жобалар менеджері, инженер Өтебай Дүйсенов сол кезеңдегі мамандардың ынта-жігерін сөзге тиек етті.

Фото: Видеодан скрин

— ТШО-дағы еңбек жолым бесінші технологиялық желі жобасынан басталды. Миллиондаған долларлық алғашқы ірі әрі күрделі жоба болатын. Әрине, ол бір таңғажайып уақыт болатын. Шетімізден құлшынып тұрған кезең еді. Жұмыс енді басталып жатқан 1997 жылы осындай ауқымды жобада жұмыс істеуге қай-қайсымыздың да ынта-жігеріміз толы болды, — деді ол еске алып.

Фото: Видеодан скрин

Осы дәстүр бүгінгі жас буын инженерлердің бойында жалғасын тапқан. Арайлым Әлиханова С. Утебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін «mechanical engineering» мамандығы бойынша бітіріп, 2017 жылы жас мамандарды іріктеу бағдарламасы арқылы ТШО қатарына қосылды. Арайлым бұл қадамын ішкі патриотизмімен және еліне пайда тигізу арманымен байланыстырады.

Фото: Видеодан скрин

— Шетелге кеткім келмеді. Ата-анам, туған үйім осында. Елімді өте жақсы көремін. Жан дүниемде нағыз патриот екенімді қазір түсіндім. Сондықтан бар мақсатым — Қазақстанда бар ең жақсы мүмкіндікті таңдау болды. Мен үшін бұл, әрине, ТШО компаниясы болатын, — дейді ол.

Халықаралық интеграция және мәдени алмасу

Адам капиталын дамыту тек біліктілікпен шектелмей, халықаралық тәжірибе мен мәдени алмасуды да қамтиды. ТШО-ның Еңбек, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бас менеджері Нұртас Кеңғанов жаһандық стандарттарды жергілікті өндірістік ортаға бейімдеу маңызды екенін айтады.

Фото: Видеодан скрин

— Еуропа мен Солтүстік Американы қоса алғанда, түрлі елде қаншама халықаралық оқу бағдарламаларынан өттім. Канаданың Калгари қаласындағы бөлімшеде екі жыл шетелдік тағайындамада жұмыс істеп, ірі жобалардың бірінде еңбек қауіпсіздігі бөлімінің жетекшісі болдым. Бұл тәжірибе Батыс мәдениетін және олардың өндірістік нысандарында қолданатын қағидаттарын тереңірек түсінуге көмектесті. Сондай-ақ Қазақстандағы кәсіпорнымызда қолданылатын озық тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік берді, — дейді Н. Кеңғанов.

Фото: Видеодан скрин

Мұнымен қатар, компаниядағы экспаттар да отандық ортаға бейімделуде. Тоғыз жылдан бері Атырауда тұрып жатқан ТШО Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі бас менеджерінің орынбасары Хеймиш Полс мемлекеттік тілді үйреніп, жергілікті құндылықтарды сіңірген.

Фото: Видеодан скрин

— Маған ТШО-да жұмыс істеген өте ұнайды. Қазақ тілін, дәстүрін және мәдениетін үйрену мен үшін өте қызық. Менің жеке құндылықтарым «Шеврон» құндылықтарымен, ал ол өз кезегінде Қазақстанның бірлік пен тұрақты дамуға ұмтылыс сынды іргелі қағидаттарымен үндесіп жатыр, — дейді ол.

Фото: Видеодан скрин

Өндіріс талабы және локализация: отандық кәсіпорындардың серпілісі

Шикізат өндірумен шектелмей, экономиканы тұрақтандыру үшін ТШО жергілікті үлесті арттыру саясатын белсенді жүргізіп келеді. «Шеврон» 2030 жылға қарай жергілікті өнім үлесін 30 пайызға жеткізуді көздейді.

Бұрын Еуропадан тасымалданатын күрделі жабдықтар енді Атырауда өндіріледі. Бұған «Атыраунефтемаш» ЖШС мен ТШО арасындағы серіктестік айқын мысал. Кәсіпорынның бас директоры Салтанат Әділова халықаралық стандарттарға өтудің маңызына тоқталды.

— ТШО-мен бірге жұмыс істеу — халықаралық жаңа стандарттарды, жаңа технологиялық талаптар мен өндірістік процестерді меңгеру деген сөз. Тапсырыстар негізінен ASME стандарттары бойынша орындалады. Мұндай талапқа сай болу өндірісімізге сапа менеджменті жүйесін енгізуді талап етті. Осының арқасында біз ТШО-ның басты аккредиттелген жеткізушісіне айналдық. Бұл өзге де тапсырыс берушілер қатарын кеңейтуге жол ашты, — деді ол.

Фото: Видеодан скрин

Сондай-ақ «Chevron Direct Investment Fund» арқылы «KazBoltService» компаниясына 24 миллион доллар қаржы тартылып, Атырауда жаңа зауыт құрылысы басталды.

Отыз жылдан астам тарихы көрсеткендей, «Шеврон» мен ТШО серіктестігі — технологиялық трансферт пен адам капиталына салынған ең берік инвестиция. Білім мен технология трансфертіне негізделген бұл ынтымақтастық отандық мамандардың озық буынын қалыптастырып, ел экономикасын әртараптандырудың берік іргетасын қалады.

Айта кетейік, «Теңізшевройл» компаниясының маманы Арайлым Әлиханованың Kazinform тілшісіне берген сұхбатын осы жерден оқи аласыздар.