Орманшыларды зейнетке шығару жасын қайта қарау керек - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Абай облысының аумағындағы орман өрті салдарынан 14 орманшы қаза болды. Осы орайда мемлекеттік инспекторлардың жан-жақты қорғалуы мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл тұрғыда ҚР ПІБ «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Орманды қорғау жөніндегі инженер-экологы Маржан Абдрахманова саладағы мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.

Фото: qr-pib.kz

- Маржан Кенжебекқызы, орманшыларға қандай міндеттер жүктелген?

- Мемлекеттік инспекторлық негізгі қызметтік міндеттеріне орман мен өсімдіктерді, аңды қорғау жүктелген.

Олар өздеріне бекітілген орман алқабын күн сайын аралап, осы саладағы заңнамада жазылған талаптарға сәйкес, заң бұзу әрекеттеріне жол бермейді. Яғни олар орманды өрттен, ағашты заңсыз кесуден, браконьерлерден қорғау қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік инспекторлар жоспарланған жұмыстарды орындайды. Бұл тұрғыда орман шаруашылы, биотехникалық, өртке қарсы іс-шараларды ұйымдастырады. Олар өз аумағындағы жер телімін жалға алып отырғандарға, туристерге қауіпсіздікке қатысты тиісті ақпарат таратады.

- «Бурабай» ұлттық паркінің аумағы 130 мың гектарға жуық аумақты алып жатыр. Осы жерде қаупсіздік талаптарын бұзатындар жиі кездесе ме?

- Ұлттық парк аумағында қонақтарға біз алдымен қаупсіздік талаптарын түсіндіреміз. Егер жеке адамдар негізгі ережені бұзып, осы кемшілігін кейіннен түсініп, барлығын түзетсе, онда тек ескерту айтамыз. Ал орман ішінде мангал немесе от жақса, қатаң жауапкершілік қарастырылған. Бұл тұрғыда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 367 және 380-бабы бойынша жаза ескерілген. Жаз басталғалы ұлттық паркке келетіндер көбейді. 26 әкімшілік хаттама толтырдық. Біз құқық қорғау органы емеспіз, сондықтан алдын алу іс-шараларына, түсінідіруге көп көңіл бөлеміз.

- Өрт ошағы анықталған кезде, инспекторлардың жұмыс алгоритмі қандай?

- 2020 жылдың желтоқсан айынан бері ҚР Президентінің Іс басқармасының қолдауымен ұлттық паркте Smart National Park Burabay жүйесі іске қосылды. Биыл осы аумақта 8 өрт ошағы анықталып, дер кезінде ауыздықталды. Бұл 8 фактіні аталған жүйе бірінші анықтады. Smart жүйе түтін шыққан өрт ошағын анықтап, мемлекеттік инспекторға белгі береді. Инспектор оқиға орнына барып, өрт сөндіруге кіріседі. Бізде осыған керек арнайы техникамыз жасақталған. Аса ірі өрт кезінде Төтенше жағдай министрлігінің көмегіне жүгінеміз. Smart National Park Burabay жүйесінің датчиктері бүкіл аумақты қадағалап тұрады. «Ақылды» жүйенің жұмыс принципіне қысқаша тоқталсақ, биік мұнараның басындағы камерамен орманның түкпір-түкпірі бақыланады. Объективтің «назарына» түтін немесе басқа да күдікті кадр ілінсе, цифрлы жүйе оны қызыл контурмен белгілеп, Ұлттық парктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел басқару орталығына жібереді. Биыл өрттің 8 дерегі анықталды, бірақ қызыл жалын шарпыған аумақ 2 гектарды ғана құрады. 2022 жылы Smart-Burabay жүйесінің арқасында 18 өрт сөндірілді, ол кезде 1,3 гектарға жайылған еді. Осы жаңа технологиялар енгізгелі өрт тараған аумақ 4 есе азайды.

- Өрт шарпыған бір гектар орманды қалпына келтіруге қанша уақыт керек?

- Ең алдымен, сол аумақты тазарту, топырақты өңдеу жұмыстары басталады. Ұлттық парк аумағында тиісті ағаш өсіруге арналған тәлімбақ бар. Қарағай ағашы егілген алқапты қалпына келтіруге 30 жылдан астам уақыт керек.

- Жалпы, осы салада маман тапшылығы бар ма?

- Жалақы деңгейі төмен болғандықтан, кадр тапшылығы болатыны белгілі. Осының салдарынан бұл бағытта кәсіби мамандар жетпей жатады. Атап айтқанда, біздің парктің аумағында ҚР Президентінің Іс басқармасының қолдауы арқасында тиісті жабдықтар мен арнайы киімдермен қамтамасыз етуде проблема жоқ. Біз басқа да орман шаруашылықтарымен, ұлттық парктермен бірлескен іс-қимылдар жасап жатамыз. Бұл тұрғыда басқа шаруашылықтардағы мамандар тиісті нормаға өзгеріс енгізіп, жабдықтармен немесе техникамен қамтамасыз ету ережесіне түзету енгізу керек екенін айтып жатыр. Мәселен, бізде белгілі бір аумаққа арнап тиісті өрт сөндіру машиналары мен өзге де жабдықтарды алып жатады. Сондықтан осы норманы қайта қарап, техника санын көбейту керек. Қыс кезінде қарда жүруге арналған техниканы, ал жазда квадрацикл сияқты машиналар қажет. Өйткені орман ішінде заң талаптарын бұзатындар көбіне заманауи техниканы тізгіндеп алған. Екіншіден, орманшылардың жалақысын өсіру маңызды. Жалпы, орман шаруашылығы мекемелерін қаржыландыруға ерекше мән беру керек.

Орманшыларға, инспекторға арналған нысандардың жағдайын жақсарту қажет. Кейбір орман шаруашылығы мекемелерінің жағдайы мүшкіл, бұл жерге жас мамандар бармайды.

Тағы бір мәселеге тоқталсақ, осы салада қызмет етіп жүрген адамдардың зейнетке ерте шығуын да қарастырған жөн. Себебі қыста тұқым дайындау, биотехникалық іс-шаралар, күнделікті орманды қорғау сияқты дамылсыз жұмыс бар. Сондықтан бізді төтенше жағдай мамандары санатына теңестіру керек деп санаймыз. Ормандағы өртті өшіру - өте қиын жұмыс. Орманды өрт шарпыған кезде, желдің күшімен тез арада біраз аумаққа таралып үлгереді. Сондықтан Абай облысында қазір осы қиындықтар алдан шығып отыр. Қарағай тез жанатын ағаш екенін білесіздер. Атап айтқанда, кәсіподақта осы мәселелерді жиі көтеріп келеміз. Елімізде осы салаға жас мамандар керек. Егде жастағы адамға қарағанда, жас жігіт таулы жерлердегі орман алқаптарын тез аралап шығатыны түсінікті ғой?!

- Туристерге, орман ішіне демалуға баратындарға қандай ескерту айтар едіңіз?

- Жасыл желек - ортақ байлығымыз. Оны сақтауға барша ел тұрғыны атсалысуы керек. Орманда өздерінен кейін қоқыс қалдырмай, от жақпаса – осының өзі бізге үлкен көмек. Қоқыс салдарынан өрт шығып жатады. Темекі, шыны ыдыстар, сіріңке және басқа да қауіпті заттардан тазартып келеміз. Жыл басынан бері ұлттық парк аумағында серуен ұйымдастыратын арнайы 35 орынды жасақтадық. Оның 26-сында тамақ дайындау үшін ошақ, мангал, орындықтар, қоқыс жәшіктерін қойдық. Қазірдің өзінде сол жабдықтарды сындырып жатқан вандалдар кездесіп жатыр. Яғни 35 орынның жартысын қиратып тастаған. Күнде біздің орманшылар соларды жөндеумен әлек. Қоқысты 20-30 метр жердегі жәшіктерге тастауға ерінеді. Орман саласындағы мамандардың еңбегіне ешбір құрметі жоқ адамдар бар. Сондықтан демалуға келгендер қарапайым талаптарды орындаса, көп мәселені шешуге болар еді.