Мегаполисте жылыту маусымы 10 қазанда басталды. Оның айтуынша, өрт қаупін азайту мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық іс-шараның орталықтанған жоспарын әзірлеген. Есепке 151 мыңнан астам жеке тұрғын үй алынған. Оның ішінде қатты отынмен жылитын пеші бар 1 450 үй мен қаңқалы-қамысты үлгідегі 5 605 ескі үй ерекше бақылауға алынған.
— Профилактикалық жұмыстың басты мақсаты — тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережесін ескерту ғана емес, келер қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, оларды жоюға көмектесіп, оқыс оқиғаның алдын алу. Сондықтан біз мекенжай бойынша аралау жұмысын жүргізіп, түсіндіріп, оқыту іс-шарасын ұйымдастырамыз. Бұл ретте қосымша қолдауды қажет ететін халықтың әлеуметтік санатына ерекше көңіл бөлінеді, — деді Константин Канин.
Сонымен қатар ол 2018 жылдан бері қалалық және аудандық әкімдіктің қолдауымен жеке тұрғын үйлерге 2 694 иіс газын анықтайтын датчик орнатылғанын атап өтті. Мұндай құрылғы газдың қауіпті концентрациясын дер кезінде анықтап, улану қаупін азайтуға сеп болады.
Одан бөлек 15 қыркүйектен бастап өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Оның аясында ТЖД қызметкерлері жеке сектор мен көп қабатты үйдің тұрғындарымен кездесіп, аулаларды аралап, жадынама таратады. Профилактикалық жұмыста әдеттегі аралау мен кездесуден бөлек, осы заманғы цифрлық құралдар да қолданылады. Мәселен, QR-кодтар арқылы тұрғындар Telegram-ботқа өтіп, өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат ала алады.
Сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындардағы LED-экрандарда оқытатын бейнероликтер көрсетіледі. Ұялы байланыс операторымен бірлесіп, жылыту пешін пайдаланар кезде өрт қауіпсіздігі талабын сақтау жөнінде SMS-хабарламалар таратылған. Оның қамту ауқымы 7,6 млн абоненттен асқан.
ТЖД өкілдері өрттің алдын алуға көмектесетін қарапайым ережелерді тұрғындардың есіне салды:
— мұржаны кемінде екі айда бір тазалап тұрыңыз;
— пешті шамадан тыс қыздырмаңыз және оның жанына жанғыш затты қоймаңыз;
— газ пешін пайдаланар кезде нұсқаулықтағы талапты қатаң сақтаңыз;
— жанып тұрған пеш пен қосулы электр құрылғысын қараусыз қалдырмаңыз;
— балаларға отты бақылауды тапсырмаңыз;
— сіріңке мен оттықты балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
— әсіресе электр жылытқышын пайдаланған кезде электр сымының жай-күйін үнемі тексеріп отырыңыз;
— өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.
Еске салайық, Қазақстанда жыл басынан бері тұрғын үйлерде 4,8 мыңнан астам өрт шыққан.