Қазақстанда жыл басынан бері тұрғын үйлерде 4,8 мыңнан астам өрт шыққан
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері тұрғын үй секторында 4 876 өрт тіркелді. Төтенше жағдайлар министрлігі ас үйде өрт шыққан жағдайда алғашқы минуттарда қандай әрекет жасау керектігін түсіндірді.
Ведомство мәліметінше, тұрғын үйлердегі өрт саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға азайған.
Өрттердің 50,6%-ы электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану қағидаларын бұзудан, 18,4%-ы пешпен жылыту кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан, ал 16%-ы отпен абайсыз жұмыс істеуден шыққан.
Министрлік мамандары ас үйдегі өрт санаулы секундта тұтанып, тез таралуы мүмкін екенін ескертеді. Бұған қараусыз қалған плита, шамадан тыс қызған май немесе ақауы бар электр құрылғысы себеп болуы ықтимал.
– Май тұтанған жағдайда ең басты ереже – су құймаңыз. Су лезде буға айналып, жанып жатқан майдың шашырауына және өрттің таралуына әкелуі мүмкін, – деп ескертті министрлік.
Мамандардың түсіндіруінше, мұндай жағдайда қауіпсіз болса, плитаны өшіріп, ыдыстың бетін қақпақпен жабу қажет. Бұл оттегінің келуін тоқтатып, жалынды басуға көмектеседі.
Жанып жатқан табаны немесе кастрөлді қозғауға болмайды. Ыдыс толық суығанша қақпағын ашпау керек. Егер жалын тарала бастаса, дереу бөлмеден шығып, 101 немесе 112 нөміріне хабарласқан жөн.
Ал электр құрылғысы тұтанса, қауіпсіз болған жағдайда оны алдымен электр желісінен ажырату қажет. Тоққа қосылып тұрған жабдықты сумен сөндіруге тыйым салынады.
Егер түтін пайда болып, өрт күшейсе, оны өздігінен сөндіруге тырыспай, бөлменің есігін жауып, сыртқа шығу керек. Сондай-ақ көршілерді ескертіп, лифтіні пайдаланбаған жөн.
ТЖМ өрттің алдын алу үшін тамақ дайындау кезінде плитаны қараусыз қалдырмауға, тез тұтанатын заттарды оттан алыс ұстауға және электр сымдары мен тұрмыстық техниканың жай-күйін тұрақты тексеруге кеңес береді.
Балалардың плита мен ыстық ыдыстарға жақындамауын қадағалау да маңызды.
Министрлік өрт шыққан жағдайда мүлікті құтқаруға уақыт жоғалтпай, ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғын үйлердегі өрттің шамамен 40 пайызы электр жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзудан шығатынын мәлімдеген еді.