Германияның BMW AG компаниясы көліктердің өртену қаупіне байланысты АҚШ-та 720 796 автокөлігін кері қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Өрт көлік тұрақта тұрған және қозғалтқышы өшірілген кезде де шығуы мүмкін. Бұл туралы The Independent басылымы хабарлады.
АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасы кері қайтару науқанына ілінген көлік иелеріне жөндеу жұмыстары аяқталғанша машиналарын ғимараттар мен басқа көліктерден алыс, ашық жерге қоюға кеңес берді.
Бұл көліктер су сорғысына қатысты ақауға байланысты 2024 жылы да кері қайтарылған. Енді оларды қайта тексеру қажет. Сорғыдағы электр қосқышының дұрыс герметикаланбауы салдарынан оған су өтуі мүмкін. Бұл қысқа тұйықталуға әкеліп, көліктің өртену қаупін арттырады.
Қазіргі уақытта автокөлік өндірушісі осы ақаумен байланысты болуы мүмкін 10 өрт оқиғасын анықтаған. Олардың барлығы 2024 жылғы кері қайтару науқаны аясында сервистік қызмет көрсетілген көліктерде болған.
Бұдан бұрын BMW сегіз мың қызметкерін қысқартатынын хабарлады.