Орта дәліздің дамуы Қазақстан мен ЕО үшін жаңа мүмкіндіктер ашады — бельгиялық сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгиялық сарапшы және Diplomatic World басылымының жобалаушы директоры Альберто Тюркстра Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы туралы Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісімен ой бөлісті.

Фото Альберто Тюркстраның жеке архивінен

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі әдеттегідей елдің ішінде де, сонымен қатар халықаралық деңгейде де — сыртқы саясат және Қазақстанның серіктестерімен, ең алдымен Еуропа Одағымен қарым-қатынасын дамыту тұрғысынан үлкен қызығушылық тудырады.

Тюркстра Жолдауда экономикаға көбірек орын берілгенін атап өтті.

Саяси және институционалдық реформалардың нәтижелері, атап айтқанда Қазақстан халқының жаңа Конституцияны қабылдауы және жаңа Парламенттік құрылымды қалыптастырғаны айтылды. Бельгиялық саясаттанушының пікірінше, мемлекеттік институттар үшін қазіргі негізгі міндет — экономикалық шаралардың ауқымды пакетін жүзеге асыру.

Сарапшы басымдық берілетін бағыттар қатарында цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізуді атады.

— Мен жақында Астанада өткен «Digital Bridge» (AI and Digital Summit) форумына қатыстым. Онда Қазақстанда цифрлық технологиялардың жоғары деңгейде дамығанына және елдің көптеген жаһандық үрдістерден оза алатын әлеуетіне көз жеткіздім. Цифрландыру денсаулық сақтау, білім беру, су ресурстарын басқару және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу сияқты қоғамның маңызды салаларын жақсарту құралы, — деді ол.

Тюркстра Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарларына: порттар, әуежайлар, жолдар және логистикалық орталықтар салу жобаларына ерекше назар аударды.

— Бұл, әрине, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді кеңейтумен тікелей байланысты. Бұл бағыт Еуропа Одағының бастамаларымен, атап айтқанда, Global Gateway стратегиясымен толық үйлеседі. Орта дәліздің әлеуетін толық жүзеге асыру және кедергілерді жою үшін екі тараптың белсенді бірлескен күш-жігері қажет, — деді Тюркстра.

Бельгиялық саясаттанушы сонымен қатар ел ішінде шикізатты терең өңдеудің, қосылған құны бар өнімдер шығарудың және Қазақстан үшін де, Еуропа Одағының көптеген елдері үшін де өзекті болып табылатын «жасыл» энергетикаға көшуде маңызды рөл атқаратын ядролық энергетиканы дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Бұған дейін түрік сарапшысы Тоқаевтың Жолдауы Қазақстан үшін дамудың жаңа межелерін белгілейтінін айтқан еді.