Орталық Африка Республикасында тарихи сайлау өтіп жатыр

Фото: Global Look Press

АСТАНА. KAZINFORM — ОАР-да жалпыұлттық сайлау өтіп жатыр. Онда бір мезгілде президенттік, парламенттік, өңірлік және муниципалдық сайлауларды өткізу ұйымдастырылды. Президенттік қызметке басты үміткер ретінде елдің қазіргі басшысы Фостен-Арканж Туадера аты көбірек аталып келеді. Бұл туралы Euronews жазды.

БҰҰ бұл сайлауды тарихи оқиғаға балады. 1998 жылдан бері алғаш рет елде бір уақытта президенттік, парламенттік, өңірлік және муниципалдық сайлаулар өтіп отыр.

Ел президенті қызметіне үшінші рет қазіргі мемлекет басшысы Фостен-Арканж Туадера үміткер болып отыр. 2023 жылы Туадера ОАР Конституциясына президенттік мерзім санына шектеу қоймайтын түзету енгізген.

Ал Фостен-Арканж Туадераға алты үміткер қарсы түсіп жатыр. Олардың қатарында оппозиция өкілдері — бұрынғы премьер-министрлер Анисэ-Жорж Долуэле мен Анри-Мари Дондра бар.

Дауыс беруге қатысу үшін елде шамамен 2,4 миллион сайлаушы тіркелген.

Сайлау Конституцияны қорғау жөніндегі республикалық блоктың қатысуынсыз өтіп жатыр. Бұл — елдегі басты оппозициялық коалиция. Олар қазан айында саяси жағдайды «тең емес» деп атап, сайлауға бойкот жариялайтынын мәлімдеген. Айта кетейік, Долуэле мен Дондра бұл коалиция құрамына кірмейді.

Сайлаудың түпкілікті қорытындысы 18 қаңтарға қарай жарияланады, ал алдын ала нәтижелер бір апта ішінде белгілі болады. Егер кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздан астам дауыс жинай алмаса, екінші тур өткізіледі.

Орталық Африка Республикасы әлемдегі ең тұрақсыз мемлекеттердің бірі саналады. Халқы шамамен 5,5 миллион адамды құрайтын елде үкіметті қолдайтын күштер мен қарулы топтар арасында қақтығыстар жалғасып жатыр. Бұл қақтығыстар 2013 жылы негізінен мұсылман көтерілісшілері билікті басып алып, сол кездегі президент Франсуа Бозизені қызметінен кетуге мәжбүр еткен кезде күшейе түсті.

2019 жылы қол қойылған бейбіт келісім қақтығыстарды тек ішінара бәсеңдетті. Оған қол қойған 14 қарулы топтың бірқатары кейін келісімнен шығып, қарулы күресті жалғастырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Гвинеяда президент сайлауы өтетінін жаздық. 

Ал Бразилияның бұрынғы президенті Болсонару президент сайлауында ұлының кандидатурасын қолдады.