Орталық Азия елдері астаналарының жаңа жылдық шыршалары қандай?

Орталық Азия елдері астаналарының орталық алаңдарына сән беріп тұрған жаңа жылдық шыршалар қандай? Kazinform бұл туралы Кабар агенттігіне сілтеме жасап баяндайды. 

Фото: kabar

Астана

Қазақстанның бас шыршасы 17 желтоқсанда жағылды. Ол Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында орналасқан. Биіктігі - 25 метр.

Бас шыршаны жағу кезінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін концерт, жаңа жылдық жәрмеңке, мұз айдыны, лабиринт, фуд-корт, тақырыптық фотоаймақтар және т.б. ұйымдастырылды. Шараға бес мыңға жуық адам қатысты.

Фото: kabar

Ашхабад

Түркіменстан астанасында 15 желтоқсанда «Әлем» мәдени-ойын-сауық орталығының алаңында орнатылған жасыл шыршаны жағу рәсімі өтті. Шыршаның биіктігі - 44 метр, ал диаметрі - 16 метр. Ол Сібірден әкелінген табиғи шырша бұтақтарынан жасалып, 4 мың ойыншық және 55 мың жарық диодты шамдармен безендірілді.

Шыршаның жоғарғы жағында «2024» деген жазуы бар сегіз қырлы жұлдыз орналасқан. Ол түркімен ұлттық күнтізбесі бойынша келер жылдың нышаны - жүзетін балықтарды бейнелейтін мониторлармен қоршалған.

Фото: kabar

Бішкек

Бішкекте 15 желтоқсанда елдің бас шыршасының шамы жағылды. Дәстүр бойынша ол Ала-Тоо алаңында орнатылды. Биіктігі - 32 метр, диаметрі - 12 метр.

Шара қонақтары үшін отандық эстрада әншілерінің қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Шырша 32 метрлік жарық диодты гирляндалармен жоғарыдан төменге дейін шеңбер бойымен безендірілген.

Фото: kabar

Душанбе

Душанбеде жаңа жылдың басты атрибуты Тәуелсіздік алаңына орнатылды. Биыл оның биіктігі - 30 метрге, диаметрі 16 метрге жетеді.

Жаңа жыл қарсаңында мерекелік концерт қойылып, отшашу болады.

Фото: kabar

Ташкент

Бас шырша жылдағы дәстүр бойынша Өзбекстан Ұлттық кітапханасының алдына орнатылды. Оның биіктігі - 35 метр.

Бұл жерде мерекелік шаралар 28 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында сағат 11:00-ден 23:00-ге дейін өтеді.

Фото: kabar