Орталық Азия елдері қазақстандық астықты көбірек сатып ала бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан темір жолының мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 17 шілдеге дейінгі аралықта астық пен астыққа шаққандағы ұн экспорты 13,5 млн тоннаға жетті.

Фото: АШМ

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға жоғары. Өткен маусымда сыртқы нарықтарға 12 млн тонна өнім экспортталған болатын.

Экспорт көлемінің өсуіне Орталық Азия елдері мен Ауғанстандағы дәстүрлі нарықтардағы жоғары сұраныс негізгі серпін берді.

Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 37%-ға өсіп, 5,6 млн тонна болды. Қырғызстанға экспорт көлемі 1,4 есеге артып, 504 мың тоннаға жетті. Ауғанстанға жөнелтілген өнім көлемі 59%-ға өсіп, 2,2 млн тоннаны, ал Түрікменстанға экспорт 34%-ға ұлғайып, 210 мың тонна болды.

Жүк тасымалы көрсеткіштерінің оң өсімі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айғақтайды. Сондай-ақ бұл экспорттық логистиканы дамыту және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында қолға алынған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді. 

Айта кетелік Азық-түлік корпорациясы биыл аграршыларды қолдауға 65,7 млрд теңге бөлетіні туралы жазған едік.