Орталық Азия елдері мен Ресей өнеркәсіптік кооперацияны бірлесе дамытуға уағдаласты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан астанасында Орталық Азия елдері және Ресей өнеркәсіп министрлерінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихар Асқар/Kazinform

Кездесуге аймақ елдері мен Ресейдің өнеркәсіп министрлері және олардың орынбасарлары қатысты. Жиында алғаш болып баяндама жасаған Өзбекстанның инвестиция, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратов мемлекеттер жеке даму ұстанымынан ортақ жобаларды ілгерілету идеясына ойысуы қажет екенін атап өтті.

— Біз бүгінде тек саудамен шектелмей, терең өнеркәсіптік кооперацияға көшу қажеттігін түсініп отырмыз. Өзбекстанда Ресей мен Орталық Азия елдері капиталының қатысуымен 5500-ден астам кәсіпорын құрылды. Бұл мемлекеттердің жоғары іскерлік белсенділігінің нәтижесі. Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанмен бірлескен жобалар іске асып жатыр, — деді Лазиз Кудратов.

Фото: Әлихар Асқар/Kazinform

Сонымен қатар ол ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірнеше ұсныс айтты.

— Біріншіден, Ресей мен Орталық Азия елдерінің өнеркәсіптік кооперациясының бірыңғай бағдарламасын әзірлеу қажет. Ол әлеуетті бастамаларды жүйелеп, өнеркәсіптік өзара іс-қимылдарға серпін береді. Екіншіден, «Жас өнеркәсіп көшбасшылары — 2030» өңірлік бағдарламасын іске қосуды ұсынамыз. Бағдарлама аясында кемінде 10 000 білікті кадрды даярлауға болады. Үшінші бастама — «Орталық Азия — Ресей» сараптамалық тобын құру. Оның құрамына салалық министрліктер, ведомстволар, елшіліктер мен сауда өкілдіктерінің сарапшылары енуі тиіс, — деп түйіндеді Л.Кудратов.

Фото: Әлихар Асқар/Kazinform

Отырысқа қазақстандық делегацияны бастап келген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңірдегі өнеркәсіптік кооперация мен өзара тауар айналымы көлемінің артып келе жатқанына тоқталды.

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жалпы тауар айналымы 8,8 млрд долларға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 14,5%-ға ұлғайды. Бұл ретте өнеркәсіп өнімдерінің өзара саудасы 7,2 млрд долларға теңелді, ал бірлескен жобалардың портфелі қазірдің өзінде 2,2 млрд долларға жуықтады, — деді ведомство басшысы.

Оның сөзінше, өзбек тарапымен құны 8 млрд доллар болатын бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған Жол картасына қол қоюға дайындық жүріп жатыр. Бұл бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бұхараға сапары барысында жан-жақты талқыланған.

Фото: Әлихар Асқар/Kazinform

— Өңірдің басқа мемлекеттерімен осындай құжаттарды дайындау және іске асыру тәжірибесін дамыту маңызды деп санаймын. Бұл өзара іс-қимылға неғұрлым жүйелі сипат беруге және өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан «Орталық Азия — Ресей» форматында тікелей диалогты жалғастыру уақтылы қабылданған шешім деп есептеймін, — дейді Ерсайын Нағаспаев.

Отырыс аяқталғаннан соң министр әріптестерімен бірге «ИННОПРОМ. Орталық Азия — 2026» өнеркәсіптік көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. 22 сәуірге дейін жалғасатын іс-шараға 35-тен астам ел қатысып жатыр.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Ташкентте орналасқан Орталық Азия халықаралық институтында «Қазақ-өзбек одақтастық қатынастарының жаңа кезеңі: Бұхара саммитінен кейінгі қадамдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда сарапшылар таяуда Бұхарада өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев арасындағы бейресми кездесудің нәтижесіне екпін түсіре отырып, келешек ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Қоса кетсек, биыл алғашқы екі айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 830 млн доллардан асты.

Сонымен қатар таяуда Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Сыртқы істер министрліктерінің өзара ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды.