Бұл туралы «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Бақыт Есекина айтты.
Ол Астанада өткен «Орталық Азия елдерін тұрақты дамытуға арналған ғылым, деректер және болжау» халықаралық конференциясында жобаның мүмкіндіктеріне тоқталды.
— Платформаның тұжырымдамасын биыл сәуірде өткен өңірлік экологиялық саммитте таныстырдық. Бүгін Орталық Азия елдерінен келген ғалымдарды осы жобаға қатысуға шақырып отырмыз. Климаттың өзгеруі көптеген салаға әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені жекелеген елдердің немесе ғылыми ұйымдардың күшімен шешу қиын. Ғалымдардың зерттеулерін біріктіріп, тиімді технологияларды ортақ пайдалануға мүмкіндік жасауымыз керек, — деді Бақыт Есекина.
Платформада метан шығарындыларын азайту, биоотын өндіру және кәсіпорындардан бөлінетін зиянды заттарды бақылау бағытындағы ғылыми жобалар ұсынылады. Ғалымдар өз зерттеулерін жариялап қана қоймай, оларды жүзеге асыруға мүдделі инвесторлармен де байланыс орната алады.
— Қазір Astana Hub-пен және Орталық Азия университетімен келісім жасалған. Платформа БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының сайтында жарияланды. Ендігі міндет — оған Қазақстан мен көршілес елдердің ғылыми ұйымдарын қосу. Бұл жұмысқа Astana Hub көмектеседі, — деді спикер.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда платформа аясында екі пилоттық жоба әзірленген.
— Біріншісі — Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының тау-кен өндірісіндегі зиянды шығарындыларды бақылауды жетілдіруге арналған зерттеуі. Екіншісі — Soda AI компаниясының көміртекті егіншілікке қажетті биоотын өндіру технологиясы, — деді ол.
Профессордың пікірінше, ғылым, бизнес және халықаралық ұйымдардың бірлескен жұмысы климаттың өзгеруіне бейімделуге арналған жаңа технологияларды тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2024–2026 жылдары ғылым саласын қаржыландыруға 730,6 миллиард теңге бөлінгені хабарланды.