«Орталық Азия — Жапония» алғашқы саммиті өтеді

Фото: Виктор ФедюнинKazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония тарапы «Орталық Азия — Жапония» бірінші саммитін өткізуді ұсынды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті.

Бүгін Астанаға алғаш ресми сапармен Жапония Сыртқы істер министрі Такеши Ивая келді. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру жолындағы мәселелер талқыланды.

— Сонымен қатар Токио тарапы жаңа бастама көтеріп, «Орталық Азия — Жапония» бірінші саммитін өткізуді ұсынды. Ол біздің тарапымыздан толық қолдау тауып отыр, —  деді Мұрат Нұртілеу БАҚ алдында мәлімдеме жасап.

Дегенмен Сырты істер министрі аталған саммиттің қашан және қай елде өтетінін нақтыламады. 

Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу қазақ-жапон қарым-қатынасының бүгіні кемел, болашағы жарқын екенін баса айтты. 

— Екі ел де ынтымақтастық рухында ұзақ мерзімді серіктестіктің өрісін кеңейту үшін белсенді күш-жігер жұмсап жатыр. Қазақта «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз бар. Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру сыртқы саясатымыз бен ұзақ мерзімді дамуымыздағы өте маңызды басымдық, — деп қорытындылады ведомство басшысы.

Айта кетейік, Жапония Семей полигонынан зардап шеккендерге қайтарымсыз грант бөлмек

Мәлімдеме барысында белгілі болғандай, 2026 жылы «Алматы-Токио» тікелей әуе рейсі ашылады.