Орталық Азияда мұздықтардың еруі мен су тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азияда мұздықтардың еруі, су тапшылығы мен құрғақшылық мәселесі күшейіп келеді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Айжан Сқақова Дүниежүзілік ғылым күніне орай өткен халықаралық конференцияда айтты.

Фото: azertag.az

Депутаттың сөзінше, соңғы жылдары климаттың өзгеруі өңірдегі су қорына әсер етіп жатыр.

— Соңғы жылдары су теңгерімінде елеулі өзгерістер байқалып отыр. Мұздықтардың еруі, өзен ағысының өзгеруі, құрғақшылық пен шөлейттену Орталық Азия үшін барған сайын күрделі мәселеге айналуда. Ғылым бұл өзгерістерді түсіндіріп қана қоймай, алдағы қауіптерді болжауға және нақты шешімдер табуға көмектесуі керек, — деді Айжан Сқақова.

Оның айтуынша, Қазақстанда көктемде су тасқыны болған өңірлердің өзі жазда су тапшылығына тап болуы мүмкін. Сондықтан тасқын суды сақтап, кейін пайдалану жолдарын зерттеу қажет.

— Осы мақсатта депутат жетекшілік еткен ғылыми жоба Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілді. Ғалымдар көктемгі тасқын суды жер астына жинап, жерасты су қорын толықтыру мүмкіндігін зерттеді, — деді ол.

Бұдан бөлек Айжан Сқақова Қазақстанның су мәселесін шешуге бағытталған халықаралық бастамаларына да тоқталды. Оның сөзінше, еліміз БҰҰ аясында халықаралық су ұйымын құруды ұсынған. Қазір бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

— Сонымен қатар Қазақстан 2025–2029 жылдарға ЮНЕСКО-ның су ресурстарын зерттеумен айналысатын үкіметаралық кеңесіне сайланған. Бұл еліміздің басқа мемлекеттермен бірлесіп су қорын зерттеуіне мүмкіндік береді, — деді спикер.

Сондай-ақ депутат Алматыда ЮНЕСКО мәртебесі бар мұздықтарды зерттеу орталығы жұмыс істейтінін де атап өтті. Қазақстандағы мұздықтардың бірі әлемдік бақылау желісіне енгізілген.

Айта кетейік, бұған дейін аталмыш жиында Айжан Сқақова климаттың өзгеруіне байланысты туындайтын мәселелерді шешу үшін ғылыми зерттеулердің нәтижелерін мемлекеттік шешімдер қабылдауда кеңінен пайдалану қажеттігін айтқан еді.