Ғылыми зерттеулер қайталанбауы үшін ортақ деректер базасы қажет — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін біріктіретін ортақ деректер базасын қалыптастыру қажет. Бұл бір тақырыптың бірнеше рет зерттелуіне жол бермей, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. 

Ғылыми зерттеулер қайталанбауы үшін ортақ деректер базасы қажет — депутат
Фото: Kazinform

Мұндай ұсынысты Құрылтай депутаты Айжан Сқақова Дүниежүзілік ғылым күніне орай өткен халықаралық конференцияда айтты.

Депутаттың сөзінше, бүгінде ғылыми зерттеулердің нәтижелері мемлекеттік деңгейдегі шешімдер қабылдау кезінде жеткілікті пайдаланылмайды. Сонымен қатар ғалымдардың бұрын жүргізілген зерттеулер туралы толық ақпарат алу мүмкіндігі шектеулі.

— Қазір жасанды интеллект пен цифрландыру жылы аясында технологиялар қарқынды дамып жатыр. Бірақ ғылыми ортада зерттеулер мен олардың нәтижелерін қамтитын бірыңғай деректер базасы қажет. Ғылыми жобаларға өтінім берген кезде бұрын қандай зерттеулер жүргізілгенін көре алуымыз керек. Бұл зерттеулердің қайталануын болдырмауға және мемлекет ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді, — деді спикер.

Оның айтуынша, ғылыми жобалардың басым бөлігі бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Сондықтан бұрын істелген жұмыстардың нәтижелерін қолжетімді ету мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына ықпал етеді.

— Ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік басқару арасындағы байланысты күшейту қажет. Ғылыми деректер мен зерттеу нәтижелері басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде кеңінен қолданылуы тиіс, — деп қосты ол.

Айжан Сқақова бұл мәселе Ғылым және жоғары білім министрлігіне жазбаша жолдау жоспарланып отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін аталмыш жиында Қазақстанның бес облысында көктемгі тасқын суды жер астына жинап, су қорын толықтыру мүмкіндігі зерттелгені айтылды.