Орталық Азиядағы жабайы фауна мен флораны сақтауға бағытталған декларация қабылданды
САМАРҚАНД. KAZINFORM — Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның экология министрлері Орталық Азиядағы жабайы фауна мен флораны сақтау жөніндегі декларацияға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Аталған құжат Самарқандта өткен CITES тараптарының 20-шы конференциясы аясында қабылданды.
Декаларацияда табиғатты қорғау ведомстволары, кеден және құқық қорғау органдары, сондай-ақ сот құрылымдары арасындағы үйлестіру жұмыстарын нығайту жоспарлары қамтылған. Бұған қоса, мемлекеттер жабайы флора мен фаунаны сақтау мақсатында мониторингтік топтар құруға уағдаласты.
Мұнымен бірге, конференция барысында тараптар жедел ақпарат алмасу және шекара маңындағы аумақтарда ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктерін талқылады.
Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстанда енгізілген мораторийге қарамастан, заңсыз ағаш кесу әрекеттері тыйылмай тұрғанын жазып едік.
Сондай-ақ, Өзбекстан Қазақстаннан 500 киік алу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Кейін ҚР Экология министрлігі бұл мәселе тиісті деңгейде шешім қабылдауды талап ететінін мәлім етті.