Өзбекстанда заңсыз ағаш кесу әрекеттері тыйылмай тұр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда енгізілген мораторийге қарамастан, заңсыз ағаш кесу әрекеттері тыйылмай тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Бас прокуратурасының мәліметінше, жыл басынан бері республикада 848 ағаш заңсыз кесілген. Тиісінше, кінәлі адамдар заңға сәйкес жазаланды.
- Мәселен, биыл 13 ақпанда Ферғана облысында тұрғындар он жылдық үйеңкі ағашын зақымдады. Заң бұзушылар бұл әрекетті тоқтатуға тырысқан экология және ішкі істер органдары қызметкерлерін балағаттаған. Аталған жағдай әлеуметтік желілерде резонанс тудырды, - деп мәлім етті Бас прокуратурадан.
Тоқтала кетейік, 2021 жылы 30 желтоқсанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен ағаш кесуге мерзімсіз мараторий жарияланды. Оған сай, айыппұл сомасы 5 есе ұлғайып, залал көлемі 2 есе мөлшерде өндіріліп алынады. Сондай-ақ, ағашты отап жатқандар туралы ақпарат ұсынған тұрғындарға сыйақы беріледі.
Еске салайық, бұған дейін «Ертіс орманында» 2029 жылға дейін ағаш кесуге тыйым салынғанын жазып едік.
Сондай-ақ, былтыр Қазақстанда жүргізілген жаңа жылдық рейдтер барысында заңсыз ағаш кесу фактілері анықталды.