Орталық Азияға келгенде Қытай мен Еуроодақтың неліктен мүддесі ұқсас

Фото: Фото: masterSergeant

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Орталық Азиядағы процестер қарқынын зерделеуге келгенде айрықша қызығушылық танытады. Бұл орайда Самарқандта өткен саммит те назардан тыс қалған емес. Осыған орай Kazinform агенттігінің шолушысы Еуроодақтың Орталық Азияға жіті назар аударына Қытайдың қалай қабылдағанын шолып көрген еді.

Еуропаның Орталық Азияға стратегиялық бетбұрысы

Орталық Азия мен Еуропа одағы көшбасшыларының 4 сәуірдегі Самарқанд саммиті бірлескен декларация қабылдаумен аяқталды. 20 пункттен тұратын құжатта тараптар екі жақты қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтеруге уағдаласты.

Самарқанд декларациясында сауда мен инвестициялық байланыстарды нығайтуды, аса маңызды шикізат материалдары бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді, орта дәліз бойындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қолдауды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың басым бағыттары белгіленді. Қатысушылар сондай-ақ екі жылда бір рет жоғары деңгейдегі кездесулер өткізуге уағдаласты.

«Жаңа дәуірдің» басталғанын жария еткен Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен ЕО Орталық Азия елдерінде көлік, шикізат ресурстары, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларындағы жобаларды іске асыру үшін «Global Gateway» еуропалық бастама аясында 12 млрд еуро бөлетінін мәлім етті.

Ал саммит қарсаңында, 2 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға баж салығы енгізілетіндігін жария еткен болатын. Дәстүрлі серіктес – Еуропа одағы да одан тыс қала алған жоқ. Алайда Брюссельдің сыртқы саясатындағы Орталық Азия елдеріне назар аудару жыл басында-ақ жеделдей түскен еді.

Фото: AP Photo / Mark Schiefelbein

- АҚШ-та жаңа әкімшіліктің келуіне байланысты еуропалық саясаткерлер Орталық Азия, ASEAN және ҚХР елдеріне жиі сапарлай бастады. Бұл Брюссель дипломатиясының Азия бағытындағы стратегиялық өзгерісін көрсетеді, - деп санайды Шанхай жаһандық басқару және аймақтық зерттеулер институтының басшысы Цзян Фэн.

Сарапшы Вашингтон тарапынан сыртқы қысымы жағдайында Брюссель үшін Азия барған сайын басым бағытқа айналатынын атап өтеді.

Шанхайлық зерттеуші Азия елдеріне қызығушылық тудыратын факторлардың ішінде аймақтың тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ететін, туындайтын мәселелерді шешуде ымыра іздеуге негізделген азиялық модельдің ерекшеліктерін атап өтті.

Қытай баспасөзі саммит жайында

Қытайдың жетекші ақпарат агенттіктері саммиттің негізгі нәтижелерін атап өтті. Айталық, Синьхуа мен Жэньминь Жибао Орталық Азия мен Еуропа одағының сирек кездесетін минералдар саласындағы ынтымақтастығына назар аударды.

- ОА мен ЕО-ның бірінші саммиті аса маңызды шикізат ресурстары саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған, - деп көрсетеді Синьхуа мен Жэньминь Жибао агенттіктері жариялаған ақпараттарының тақырыбында.

- Саммит барысында Орталық Азияның бес елі мен Еуропа одақ аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ниеттер туралы бірлескен декларация қабылдады, - деп жазады ақпарат агенттіктері.

ChinaNews және Global Times ақпарат агенттіктері екі өңірдің ынтымақтастық деңгейінің артқанын атап өтеді.

- «Орталық Азия - Еуропа одағы» бірінші саммиті өтті. Тараптар стратегиялық серіктестік орнатты, - делінген басылымның тақырыбында.

China Daily жаңалықтар порталы «Орта дәлізді» дамытуға көптеген миллиард долларлық инвестицияға назар аударды.

- АҚШ жаһандық сауда соғысын бастады, ал Еуроодақ «Орта дәлізді» дамытуға миллиардтаған еуро инвестиция салды, - деп жазады газет.

Өңір неліктен әлемдік державалардың назарын аударып отыр?

ҚХР Басты ақыл-ой орталығының қызметкері, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының зерттеушісі Чжан Хун Орталық Азияның Еуропа одағымен ынтымақтастығын стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін жеткізу жалпы геосаяси өзгерістер мен соңғы жылдардағы дағдарыстар аясында қарастырылатынын, соның салдарынан бір жағынан аймақтың шетелдік серіктестер үшін маңыздылығы артқанын, ал екінші жағынан, оның стратегиялық дербестігі күшейе түскенін атап өтеді.

- ЕО жариялаған «GlobalGateway» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру Орталық Азияны жаһандық жеткізу тізбегінің торабына айналдыра отырып, көлік дәліздерін дамытуға жаңа серпін береді. Еуроодақтың табиғи ресурстарды жеткізуді әртараптандыруға деген ұмтылысы геосаяси және экономикалық көпполярлылық процесінің күшеюіне байланысты, - деп жазады Чжан Хун Global Times басылымында.

Фото: Midjourney

Сарапшы әлемдік державалармен қарым-қатынас пен тепе-теңдікте Орталық Азияның таңғажайып стратегиялық икемділігін атап өтеді. Мысалға Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның саясаты келтіріледі. Онда Еуропаның институционалдық тәжірибесі бір мезгілде қабылданады, Ресеймен дәстүрлі байланыстар сақталады және Қытай нарығының мүмкіндіктері белсенді пайдаланылады.

Чжан Хун талдауында ірі мемлекеттердің Орталық Азиядағы ықпалы үшін күресі де басты сын-тегеурін екенін атап өтті.

- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Орталық Азияның болашағы геосаяси күрес алаңы емес, өркениеттік диалог үшін көпір болуы тиіс». Бұл стратегиялық көзқарас қазіргі заманғы халықаралық мәселелерді шешудің кілті болуы мүмкін, - дейді сарапшы.

ҚХР мен ЕО-ның Орталық Азиядағы ынтымақтастық әлеуеті «С5+1» форматындағы кездесулердің тетіктері мен қорытындылары Қытай үшін сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер тұрғысынан Аспан асты елінде егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр. Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы Халықаралық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Гу Вэй бұған дейін China Daily газетіне ҚХР мен ЕО-ның Орталық Азиядағы өзара іс-қимылына қатысты көзқарасын бөліскен еді.

Зерттеушінің пайымынша, Қытай мен Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы мүдделері мен мақсаттары ұқсас. Бұл өңірлік өзара іс-қимылды дамыту үшін негіз қалыптастырады.

- Қазіргі жағдайда Қытай мен Еуропа одағы Транскаспий халықаралық көлік бағдарының дамуына ерекше назар аударады. Бұл дәліз Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді және тұрақты логистиканы нығайтуға ықпал ететін перспективалы бағыт ретінде қарастырылады, - дейді сарапшы.

Гу Вэй энергетика мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласында инфрақұрылымды жаңғыртуға, сыртқы сауда көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ өңірдің ресурстық әлеуетін пайдалану тиімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, Орталық Азия кеңістігіне Қытай-Еуропа өзара іс-қимылын бағыттау жөн деп санайды.

Маңызды бағыттардың ішінде климаттық күн тәртібі мен қоршаған ортаны қорғау да ерекшеленеді. Қытай мен ЕО Орталық Азия елдерімен бірлескен бастамаларды жүзеге асырып жатқаны аталып өтіледі.

- Осы тұрғыда бірыңғай дерекқор әзірлеуді, төтенше жағдайларға ден қою жүйелерін құруды және тұрақты коммуникациялық платформаларды дамытуды қамтитын үшжақты диалог қалыптастыру үшін әлеует бар. Мұндай формат экология саласындағы көпжақты серіктестіктің жаңа моделі бола алады, - деп қорытындылайды ойын Гу Вэй.

Бұған дейін «Орталық Азия – Еурпа одағы» саммиті аясындағы саяси интеграция Қазақстанға қандай мүмкіндік сыйлайтынын жазған едік.