Геосаясаттағы жаңа бағдар: Орталық Азия + Еуропа Одағы
АСТАНА. KAZINFORM - Орталық Азия елдерінің халықаралық байланысы нығайып келеді. Бұл болжам Самарқанда өткен «Орталық Азия – Еурпа Одағы» саммитінде айшықтала түскендей. Тарихи жиын өңірдің салмағын еселеп, Еуропа елдерімен қарым-қатынасты стратегиялық деңгейге көтерді. Kazinform тілшісі кезекті саяси интеграция Қазақстанға қандай мүмкіндік сыйлайтынын және жүздесудің мән-маңызын ашуға талпынды.

Маңызды кезең
Бүгінде Орталық Азия біртұтас аймақ саналады. Саяси және экономикалық мүддесін бірлесе қорғай білуге дағдыланған. Сыртқы саясаттағы ұстанымы да мығым, аймақтық мәселелерді шешуде сыртқы күшке иек артудан аулақ. Халықаралық қатынас пен дипломатиялық байланысты даму бағдарында ғана пайдалануға тырысады. Өзбекстанда өткен «Орталық Азия – Еурпа Одағы»тұңғыш саммитінің басты тақырыбы экономикаға бағытталуы осының айғағы.
Еуропалық одақ бұрыннан серіктес. Ұйым аймақтағы мемлекеттер егемендігін алған шақта алғаш болып мойындап, байланыс орнатты. 2007 жылы мамырда ЕО-ның Орталық Азия бойынша алғашқы стратегиясы қабылданды. Содан бері ынтымақтастық аясы біршама кеңіді. Сауда айнылымының жыл санап өсуде. Самарқандағы саммитке Еуропалық Кеңес Президенті Антонио Кошта мен Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуы байланыс әлі беки түсетінін білдіреді.
Орталық Азия қалыс қалып жатқан жоқ, ұсынған қолға ұмсынып, құшақ аша қабылдауға әзір. Мұны басқосуға бірі қалмай жиналған мемлекет басшыларының бірлігінен байқадық. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, тіпті төрағалық етуші — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке дейін ұсыныс-пікір айтудан аянып қалмаған тәрізді.

Айтпақшы, саммитке ЕО мен ОА-ның көшбасшылары ғана емес, ірі қаржы институттарының басшылары да қатысты. Оның ішінде Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі мен Еуропалық инвестициялық банкі басшылары бар. Сондықтан өзекті мәселелерді талқылау ортақ жиынмен шектелмей, жекелей талқыда жалғасқан болатын.
Жалпы, саммиттегі сараланған тақырыптардың бағыты алуан. Саяси диалог, жаһандық қауіпсіздік мәселесінен көлік байланысы, цифрлық даму, шикізат, жасыл энергетика, инновация, ауыл шаруашылығы саласына дейін қамтылыпты.
2 млрд доллар: меже мен міндет
Ауқымды жиын әлем бірлігіне сызат түскен шаққа тура келгені шындық. Соңғысы – АҚШ-тың 185 елдің тауарына міндеттелген кедендік баж салығы. Сарапшылардың айтуынша, мұндай сауда қақтығысы әлемдік экономикаға оң әсер етпегенімен, Орталық Азия мен Еуропа үшін мүмкіндікке айналуы ықтимал.
Бұған көп жылдық тәжірибе мен әріптестіктің көмегі көп болмақ. Мысалы, кейінгі 7 жылда Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің тауар айналымы төрт есе артқан. Қызығы, статистиканың үлес мөлшеріне келсек, Қазақстанның салмағы басым – сауда-саттықтың 80 пайызын алып отыр. Өткен жылы еліміз бен ЕуроОдақ мемлекеттері арасындағы тауар айналымы 50 млрд долларға жетті.
Саммит аясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси өзгеріс пен жаһандық сын-қатер жағдайында өңіраралық әріптестікке маңыз беру қажетін жеткізді. Әсіресе, сауда-экономикалық байланыс басты мақсат болуы керек деген тұжырымда.
– Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады. Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Дегенмен шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытамыз, – деді Президент.

Әрине, Президент айтқан экономикалық байланыстың тиімді тетігін қалыптастыру үшін әртараптандыру қажет. Көмірсутек тасымалының балама жолынан бөлек «жасыл энергия» мен аса маңызды шикізатқа бет бұратын уақыт келген тәрізді.
Еуропа мен Орталық Азия жаңа жағдайға бұрыннан дайын. Бұған дейін Еуропалық Одақ Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттерімен сирек кездесетін металдарды бірлесіп өндіру бағытында келісім жасаған болатын. ЕҚДБ-мен мәміле шеңберінде геологиялық барлау жүзеге асып, тау-кен өндіру саласында озық тәжірибе енгізілуде. Президент ұсынған ендігі қадам – Астанада сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құру. Ұйым кен орындарын игеруге ниетті кәсіпорындар мен инвесторлар үшін өзекті дереккөзге айналмақ.
Ескеретін жайт, ЕО Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріндегі аса маңызды шикізат нарығында белсенді. Демек, ерекше ұсыныс болмаса, Еуропалық Одақты қызықтыру қиын. Саясаттанушы Әлібек Тәжібаев ойынша, бұл тұрғыда Қазақстанның басты артықшылығы – тұрақтылық.
– Орталық Азия басшылары өңірішілік мәселелерді дер кезінде шеше алды. Африка мемлекеттеріне қарағанда тұрақтылық деңгейіміз жоғары. Сондықтан Еуропа Одағы үшін сенімді инвестициялық ортаны ұсына аламыз, – деп атап өтті Әлібек Тәжібаев.
Қазір Қазақстан Еуропалық Одақ экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19-ын шығарады: уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам жеткізуде. Ядролық отын өндірісіндегі үлесіміз 40 пайызды құрайды. Ендігі талап – Еуропаға жеткізетін тауар түрін ұлғайту. Саммиттегі Президент сөзіне сенсек, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.
Торап тарабы
Ынтымақтастықтың экономикалық ілгерілеу Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысына тәуелді. Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) әлеуеті жоғары екені анық. Өткен жылы аталған бағытта контейнерлік тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, жүк көлемі 4,5 млн тоннаны құраған. Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға қарай жүк ағыны 10 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп отыр.

Президент болжамы қашан шындыққа айналатыны белгісіз, алайда. Еуропалық Қайта Құру және даму банкі (ЕҚДБ) жағымды жаңалық айтып отыр. Олар бірнеше жыл бұрын Орталық Азияның транзиттік әрі логистикалық әлеуетін зерттеген еді. Сол тұста Транскаспий халықаралық көлік бағытының 2040 жылғы болашағына қатысы екі болжамды жариялаған. Біріншісі – 130 000 TEU, кейінгісі – 865 000 TEU шамасына тұрақтайды деген долбар.
Мемлекет басшысының айтуынша, қай болжамның орындалатыны маршрут бойындағы елдердің саясатына байлаулы. Бұл болжамды орындау үшін Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын «Белдеу және жол» бастамасымен ұштастыру үстінде. Брюссель болса, Global Gateway жобасы аясында ТХКБ инвестиция салуға ниетті.

Қалай болғанда да жағдайды жақсарту үшін кешенді жұмыс керек. Сарапшылар алдымен мультимодальды логистикалық орталықтарды дамыту, тарифтік емес кедергілерді жою, жүктерді цифрландыру секілді қадамнан бастауды ұсынады. Ал саясаттанушы Әлібек Тәжібаев Global Gateway стратегиясы туралы айта отырып, бизнеске бағдарланған тәсілді енгізу маңызды санайды. Оған қоса әртараптандырылған логистиканы құру арқылы құрлық және теңіздегі баламалы бағыттар ұмыт қалмауы өзекті.
– Орталық Азияға трансеуропалық көлік маршруттарымен байланысуға мүмкіндік беретін ұзақмерзімді жобалар маңызды. Осы ретте орта дәліздің (ТХКБ) белсенді дамып келе жатқанын байқаймыз. Негізгі актор ретінде Қазақстан барын салды. Инвестицияны ұлғайтып, жүк ағынын көбейтіп, серіктестерімізді де қосылуға үндеп отырмыз. Жоқ дегенде Каспий құбыр консорциумы секілді деңгейге көтеру керек, – деді сарапшы.
Адами капитал мен кәсіп
Алғыр әрі білікті кадр болмаса, технологиялық бәйгеде оза шабу мүмкін емес. Президент Самарқандағы саммитте ғылым мен білім саласында жетістік пен аладғы бастамаларды сөз еткенін білеміз. Оның ішінде 30-дан астам шетелдік университет филиалын ашу, 100 мың IT-маман әзірлеу, Астанада құрылатын Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы жобалары үстем естілді.

– Бұдан бөлек, біз жасанды интеллект саласының дамуын жеделдету үшін Венчурлік қорды іске қостық. Еуропа Одағы Team Europe бастамасы арқылы Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты өркендетуге көмек көрсетіп келеді. Қазақстан бұл бағытта тәжірибе алмасуға дайын. Осы орайда Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басышысы халықаралық жиында халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесін ұмыт қалдырмады. Бастысы, БҰҰ-ның маңызын арттыру әрі оның ғаламдық рөліне ерекше тоқталып, Украина бойынша келіссөздер процесін қолдайды.
– Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз, – деді Президент.
Күн тәртібінде – климат
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс бағдарламасы аясында «Жаһандық климаттық қатерлер алдындағы Орталық Азия» халықаралық конференциясына қатысты. Мемлекет басшысының айтуынша, өңір елеулі сын-қатерге тап болып отыр. Орталық Азиядағы температура әлемдік орташа деңгейге қарағанда екі есе жылдам өсуде: мұздықтар еруде; су тапшылығы сезілді; құрғақшылық тыйылмай тұр. Сондықтан экономикалық өсім мен климаттық мәселе арасында баланс сақталып, мемлекетаралық шаралар қолға алынуы шарт.
– Өңірімізде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Оны екі нәрседен аңғаруға болады. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға кеміді. Аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Дәл осы себепті бізге су үнемдеу технологияларын және smart суару мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет. Біз бұрыннан айтылып келе жатқан Орталық Азия су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.

Экономиканы дамыту, экологияны сақтау мәселелері Самарқандағы екі отырыстың басты тақырыбына айналды. Алғашқысына қатысты шешім жиын тарқамай-ақ белгілі болғаны-ды. Брюссель Global Gateway бастамасы аясында Орталық Азияға 12 млрд еуроны құрайтын инвестициялардың жаңа пакетін енгізбек:
• көлік саласындағы жобаларға – 3 млрд доллар
•аса маңызды шикізатқа – 2,5 млрд доллар
•Энергетика мен климатқа – 6,4 млрд доллар және қалған сома цифрлық байланыс бағытына жұмсалмақ.