Өртенген автобустың жүргізушілері 24 наурызға дейін қамауда болады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өртенген автобустың үш жүргізушісі екі ай бойы уақытша тергеу изоляторында отырады. Бүгін Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатовтарға қатысты бұлтартпау шарасын сот санкциялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі автобус өрті кезінде 52 адам қаза болып, 5 адам түрлі жарақатпен ауруханада ем қабылдады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, үш жүргізуші ауруханадан шығарылып, тергеу жүргізілген болатын. Ал бүгін №2 қалалық сотында алдымен жүргізуші Нұржан Қырғызбаев 2 айға уақытша тергеу изоляторына қамалды.  Санкцияға жүргізуші Мақсат Пернебековтың туған-туыстары арнайы келді. Олар ауруханада кездесе алмаған, қайғылы оқиғадан кейін Мақсат Пернебековті көрмеген.

«Біз Ақтөбеге бүгін келдік. Інімізбен кездесу мүмкін болмады. Мен оны кінәлі деп есептемеймін», - деді Гүлшат Пернебекова. 

Судья Алима Адилова жүргізушілер Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатовты да екі ай мерзімге күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын санкциялады. Жүргізушілердің бәрі тергеу жұмыстары аяқталғанша изоляторда отырады.