Өртенген орманды қалай қалпына келтіруге болады-маманның пікірі

Фото: t.me/EcologyofQazaqstan
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жалпы аумағы 171 гектарды алып жатқан 13 орман питомнигі бар. Онда ағаш пен бұтаның 100-ден астам түрі өсіріледі. Бұл питомниктердің жұмысы және өртенген орман алқаптарында ағаш отырғызу барысы жайында облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Әділ Қантаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне.

Маманның айтуынша, ағаш отырғызу шеберлікті және ұзақ уақытты қажет ететін күрделі шаруа.

«Әуелі біз көшеттерді питомниктерде өсіріп аламыз, содан кейін ғана ағаш ретінде отырғызамыз. Ағаш ол адам сияқты. Оны кез келген жерге отырғыза беруге болмайды. Ол жерсініп өспей қалуы мүмкін. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда біздің көшеттер тамыр жаймайды, жерсінбейді. Сол сияқты, өртенген орманның аумағына да көшет отырғызуға да үлкен шеберлік әрі уақыт керек. Егер өрт шығып, орман толығымен өртеніп кетсе, алдымен сол жерде өртенген ағаштардан тазартып алу керек. Егер өрттің ауданы үлкен болса, залал есептеледі, содан кейін күйген ағашттарды кесуге рұқсат беріледі. Бұл ағаштар бәрі кесіліп алынады, ал бұл уақытты қажет етеді. Бәрі болған соң күйген жердегі топырақ өңделіп барып, ағаш отырғызылады», - деп түсіндірді Әділ Қантаев.

Ол атап өткендей, Мемлекет басшысының Жолдауындағы бес жыл ішінде 2 млрд астам ағаш отырғызу туралы міндеттерді орындау бағытында Ақмола облысында 2021-2025 жылдар аралығында 150 млн дүп қылқан жапырақты және жапырақты ағаш отырғызу жоспарланған.

«Жыл сайын орман шаруашылығы мекемелерінің 13 орман питомнигінде 10 миллионнан астам ағаш (1-2 жас) және бұта көшеттері (3 жастан асқан) өсіріледі»,-деп толықтырды Әділ Қантаев.

Осы ретте, 2023 жылы орман питомниктеріндегі 47 гектар аумаққа 13 тоннадан астам қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттері егіліп, 237 тонна қарағай бүршігі жиналды. Питомниктердегі ағаш мен бұталардың 100-ден астам түрі өсіріледі.

«Сандықтау ауданында 1976 жылы құрылған Маралды орман шаруашылығы мекемесінде қарағай, арша, батыс тюжасы, сібір шыршасы, қайың, қарағаш, үйеңкі сияқты ағаш түрлері өсіріледі. Сонымен бірге, цинкофил, спирея, гортензия, дерен сияқты бұта түрлері бар», - дейді Маралды орман шаруашылығы мекемесі директорының орынбасары Арман Әбенов.

Көшеттің құны, өткен жылғы түгендеуге сәйкес, 10 теңгені құрайды, ал көшеттердің бағасы ағаштың түрі мен биіктігіне байланысты және орташа есеппен 2-ден 50 мың теңгеге дейін өзгереді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 120-дан астам адам орман өртін сөндіргенін

жазған едік.