Қазіргі уақытта жылыту маусымы Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында басталған.
Ауа райы көрсеткіштеріне қарай, осы аптаның соңына дейін Астана қаласында, сондай-ақ Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында жылыту маусымын бастау жоспарланып отыр.
– Жалпы, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде қажетті отын қоры жинақталып, тиісті жабдықтар дайындалған. 17 мың шақырым электр беру желісіндегі жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды. Төрт қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Жылу желілерінің жалпы дайындығы жоспарланған 377 шақырымның 374 шақырымына немесе 99% жетті, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, жылу маусымына дайындық деңгейі бойынша бірқатар өңір Энергетика министрлігінің ерекше бақылауында.
– Өткен аптада Петропавл қаласында үш жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Степногорск қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беру 25 қыркүйекте басталды. Жылу магистралін реконструкциялау аяқталды. Қазір желілерді тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі тарату желілеріндегі жұмыстар да аяқталып, тұтынушыларды қосу басталды, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Семей қаласында үш учаскедегі жұмыстардың орындалу деңгейі есепті аптада 12 пайызға өсті. Осылайша, жоспардың жалпы орындалуы 82 пайызды құрады. Сорғы жабдығы 27 қыркүйекте жеткізіліп, қазір оны монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– «Парус» және «Вирб» сорғы станцияларындағы жұмыстарды алдағы аптада аяқтау жоспарланған. Ал 340-шы кварталдағы сорғы станциясында жабдықты монтаждап, нысанды толық іске қосуға шамамен екі апта қажет. Жұмыстарды 15 қазанға дейін аяқтау көзделіп отыр. Осыған байланысты Абай облысының әкімдігіне жөндеу жұмыстарын барынша қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Өткен аптада Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өңірлердің дайындығы мен жаңғырту жұмыстары туралы баяндаған еді.