Өскемен әуежайы авиаотынға монополиялық жоғары баға қойғаны үшін айыппұл арқалады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен әуежайына авиациялық отынға монополиялық жоғары баға қойғаны үшін айыппұл салынып, содан түскен табысы мемлекет кірісіне тәркіленді.
Тексеру нәтижесі мен басқа да антимонополиялық шаралар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Сәуле Бақберген мәлім етті.
— Өскемен әуежайы авиациялық отынға монополиялық жоғары баға белгілегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы жыл ішінде нарықтың алты субъектісі жауапқа тартылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы — 10,1 млн теңге. 10 млн теңге көлеміндегі монополиялық табыс мемлекет кірісіне тәркіленді, — деді ол.
Әлеуметтік маңызы бар ресурстар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін антимонополиялық орган көмір нарығы бойынша екі ескерту жасаған.
Тексерулерден бөлек, департамент мамандары алдын алу бағытында да белсенді жұмыс атқарып келеді. 2025 жылы тауар сатылымына қатысты нарыққа 17 талдау жүргізіліп, азық-түлік тауарларын жеткізушілермен 18 антимонополиялық комплаенс-келісім жасалды.
Экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтуға да ерекше назар аударылған. Өңірде мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне 47 мониторинг жүргізілді. Соның нәтижесі бойынша 7 нұсқама беріліп, барлығы толық көлемде орындалды. Сонымен қатар кедергілерді жою жөніндегі кеңес алаңында бизнестің алты мәселесі жергілікті деңгейде шешімін тапты.
Еске салсақ, осыған дейін Қырғызстанда медициналық білімге мемлекеттік монополия енгізілетіндігі хабарланған.