Өскемен көшелерін түтін басты: Арнайы облыстық штаб құрылып, бақылау күшейтілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемендегі Титан магний комбинаты орналасқан шағын ауданды түтін тұмшалап кетуіне байланысты тексеру жүргізілді.

Фото: ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі

Кеше ШҚО Экология департаментінің мамандары Өскемендегі Титан магний комбинаты орналасқан шағын ауданда хлордың шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісін тіркеген болатын.

Фото: ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі

Осыған байланысты облыстық штаб құрылып, сол жерде жұмыс істеп жатыр. Мәселе ШҚО әкімдігінің бақылауына алынған.

- Мамандар барлығы 8 жерден 144 ауа сынамасын алды. Сынамаларға 18 түрлі зат бойынша сараптама жасалды. Олардың ішінде хлор, тұз қышқылы, күкірт диоксиді, формальдегид, аммиак, қорғасын секілді зиянды элементтер болды. Сағат 21:44-ке дейін жүргізілген зерттеу нәтижесінде, бірде-бір заттың шекті мөлшерден аспағаны анықталды. Бұл мәліметтер облыстық Экология департаментіне жолданды, - деп хабарлады ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде желіде тараған видеодан соң экологтар тексеру жүргізгені хабарланған.